Тұлға 14 Наурыз, 2025

«Саздың пірі – Нұрғиса»

22 рет
көрсетілді

Ұлттық академиялық кітапханада күйші, дом­бырашы, дирижер, «Отырар сазы» халық музы­калық аспаптар фольклорлық-этнографиялық оркестрінің негізін қалаушы, Қазақ КСР-і және КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Саздың пірі – Нұрғиса» атты кеш өтті.

ЮНЕСКО Бас кон­фе­ренциясының 42-сессиясында ЮНЕСКО-ның атау­лы күндері тізбесіне 2025 жылы әйгілі композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын енгізу туралы Қазақстанның ұсыны­сы қолдау тапты. ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің 40-отырысында «2025 жыл – Нұрғиса Тілендиевтің жылы» болып жарияланды.

Осыған орай ұйым­дастырылған іс-шарада «Нұрғиса Тілендиев – 100 жыл» атты кітап көрмесі ­жа­сақталды.

Алқалы жиынға моде­раторлық еткен PhD Ай­толқын Тоқтаған қазақ­тың музыкалық мәдениеті­не ком­­­позитор, дирижер, орын­­­­­даушы ретінде өшпес із қал­­­дырған суреткер туралы ке­ңінен мағлұмат берді.

Қазақстанның халық әртісі Қай­рат Байбо­сынов іс-ша­раға онлайн қатысып, өнердегі ұстазы Нұрғиса Тілендиевтің ха­лықтық музыка өнерінің дәстүрле­рін сақтау мен өр­кендету жолындағы орасан еңбегіне тоқталды.

Сонымен қатар күйші-домбырашы Айтжан Тоқ­таған, күйші, дирижер Айтқали Жайымов, күйші, өнертанушы, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қай­рат­кері Жанғали Жүзбай сынды құрметті қонақтар композитордың өмірі мен шығармашылық жолы, сазгерлік қасиеті мен азамат­тық келбеті хақында жылы естеліктерімен бөлісті.

Рухани кеште Нұрғиса Тілендиевтің халыққа танымал шығармалары орындалды.

Іс-шараға Қазақ ұлт­тық өнер университеті­нің Дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің сту­денттері, Астана қа­ла­сы музыка мек­тепте­рінің педагогтері, кітап­хана­шылар мен оқыр­мандар қатысты.