• RUB:
    5.96
  • USD:
    499.04
  • EUR:
    544.45
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:45

Полипропилен өнімдеріне сұраныс жоғары

25 рет
көрсетілді

Ақтөбедегі «FIBC Kazakhstan» ЖШС мұнай-газ өнеркәсібі, құрылыс, тұрмыстық техника және автомобиль өндірісінде кеңінен қолданылатын полипропилен шикізатын өңдеу арқылы қапшық, вагон төсеніші мен қаптама, шатыр, техникалық таспаларды сатылымға шығарады. 8 жыл бұрын шағын цех түрінде ашылған кәсіпорын бүгінде 104 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған іргелі өндіріске айналды.

Ұзақ жолға шыдас беретін жоғары сапалы полипропилен қаптамаларына ірі компания­лар тарапынан тапсырыс көбейген. Өйт­кені өнеркәсіп тауарының тиісті жеріне бұзыл­май әрі бүлінбей жетуі үшін қаптаманың сапалы әрі берік болғаны абзал. Бүгінде «FIBC Kazakhstan»-ның вагон қаптамаларын «Теңізшевройл», «Аралтұз», «ҚТЖ»-ның Ақтөбе­дегі «Батыс» филиалы тұрақты тұтына­ды. «Қазхромға» қарасты Ақтөбе ферроқо­рыт­па зауыты да қызығушылық танытып отыр.

Серіктестік директоры Ботагөз Ай­бөкенова­ның айтуын­ша, биыл қаңтардан бас­тап айы­на 100 тонна полипропилен өңдеп, одан синтетикалық материалдар дайындау басталған. Оған қажетті түйіршік түрін­дегі полипропилен шикізаты Атыраудағы «KPI» компаниясынан жеткізіледі.

Өндірісте түйіршіктерді син­те­тикалық матаға айналдыру әлде­қайда тиімдірек. Алайда өңдеу өндірісін іске қосу қосым­ша ғи­марат, жаңа құрылғы және жаб­дықтармен жұмыс істей ала­тын мамандарды қажет етеді. Сон­дықтан 2024 жылдың соңында «Даму» қоры көмегімен 1 млрд теңге несие алып, оған Үндіс­тан­нан өндірістік машиналар әке­лін­ген.

«Тапсырыстардың көбеюіне байланысты өнім түрлерін шы­ға­руды арттырдық. Өндірістік аумақ­тан жаңа цех ғимаратын алып, онда Үндістаннан әкелін­ген экструдер жабдықтарын қондырып жатырмыз. Былтыр KPI-мен әріп­тестік байланыс орнатып, ол жақтан шикізат күйінде әкелінетін өнімді өзімізде өңдейтін болып шешкенбіз. Алайда бізде полипропилен түйіршіктерін қалыпқа салып, ерітіп, лайықты пішінде мата дайындайтын, экструдер машиналарын басқаратын және цилиндр, конус пішіндес айналмалы бөлшектерді да­йындайтын маман болмады. Экструдер маманын Ақтөбе­дегі кәсіптік-техникалық оқу орындарынан таба алмадық. Ауыр машиналарда жұмыс істейтін тігіншілер де керек. Полимер, пластик, резеңке материалдарды қыздырып, арнайы қалыптардан өткізетін экструдер машинасының маманы қондырғыны бақылап, өнім да­йындалып жатқанда температура, қысым, жылдамдығын реттейді. Дайын өнімнің сапасы мен біркелкі болуын, қажетті өлшемге сай екенін тексереді. Қондырғының ақауын анықтап, жөндеу жұмысымен де айналысады. Осы жұмыспен техникалық дайындықтан өткен мамандар айналысады», дейді Б.Қыдырбайқызы.

Тігін цехының аға шебері Руслан Сүлейменовтің айтуын­ша, тігіншілер бір тәулікте 1-2,5 тонна синтетикалық материалдан 2 мың дана қапшық тігеді. Кейде екі ауысыммен де жұмыс істейді. Бір ауысымда вагон қап­тамасын тігуге 34 шебер, қапшық тігуге 70 тігінші кіріседі. Жаңа қондырғыларды орнатып болған соң жұмыс көлемі артпақ.

 

Ақтөбе облысы