«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 460 мың орындық 217 мектеп пайдалануға беріледі. Былтыр жаңа форматтағы 105 мектеп есігін айқара ашса, биылғы жыл соңына дейін тағы 112 жайлы мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сонымен қатар, аудан орталықтары мен ауылдарда 1 мың мектепті модернизациялау 7 бағыт бойынша жалғасып жатыр. Соңғы 3 жылда 4 мыңнан астам мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 2 мыңнан астам мектепке STEM, физика, биология, химия, робототехника заманауи кабинеттері орнатылған.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, маңызды қадамдардың бірі – 2023 жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының құрылуы болды. Ол жемқорлардан тәркіленген қаржы есебінен толықтырылып келеді. Соның арқасында 100 мың оқушы орнына арналған 89 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Оның 74,4 мың орындық 61 мектебінде бүгінде балалар білім алып жатыр.
Келесі қадамдардың бірі мектеп инфрақұрылымдарын бірыңғай форматқа келтіру болмақ. Ол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1300-ге жуық мектеп реновациядан өтеді. Оның ішінде 900 ауыл мектебі бар. Жоба 3 жылға жоспарланған және 9 басты бағыт бойынша жүзеге асырылады. Оның шеңберінде мектептердің шатырлары ауыстырылады, сыртқы қасбеттері, терезелері жаңартылады, инженерлік коммуникация желілері күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ мектеп аумағы абаттандырылып, көгалдандырылады.