Бүгін Ұлттық академиялық кітапхананың Фариза Оңғарсынова атындағы залында «Наурызым – нұрлы ырысым» атты мерекелік іс-шара өтті. Осы шара барысында белгілі күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров «Ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясы» құрылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мен «күш мәдениеті» ұғымын арнайы ғылым ретінде дамытуға күш салып жатырмын. Мәселен, қазіргі таңда көкпарға қатысты төрт томдық кітаптарым әзір. Ол кітаптарда Абылайхан мен Қабанбай, Бөгенбайлардың көкпар тартысқандары туралы деректер бар. Тарихтағы көкпаршы болған палуан-батыр аналарымыз да қамтылды. Салаға қатысты тың деректер мен инсайттар өте көп. Мәселе, тек шығару мен қаржыға келіп тіреліп тұр. Менің мақсатым көкпарды идеологияға айналдыру», деді Абылайхан Мамырайханұлы.
Сондай-ақ ол қазірдің өзінде өз авторлығында бұған дейін жарық көрген «Балуан тас» қостомдығының үшінші томы, осы томдардан өрбіген «Балуандар әлемі» кітабы, «Қазақ күресінің» балаларға арналған оқулығы мен палуандық пен батырлықты насихаттайтын оқушыларға арналған 3 кітапшаның әзір тұрғанын баяндады.
Айта кетейік, Ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясы – қазақ халқының барлық дәстүрлі спортын сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде танымал етуге бағытталған инновациялық орталық. Бұл академия ұлттық спорт түрлерінің физикалық, рухани-мәдени және зияткерлік құндылықтарын зерттеп зерделеп, болашақ ұрпаққа жеткізуді және спорт арқылы елдік рухты күшейтуді көздейді.
Ұлттық академиялық кітапхананың наурыз мерекесіне орай белгіленген «Шаңырақ» күнінің мерейін асыруға бағытталған іс-шарасына бірқатар танымал тұлғалар және мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.