Баға Кеше

Бағаны тұрақтандыру басты назарда

33 рет
көрсетілді

Үкіметте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин тұрақтандыру қорларында көкөністі сақтау жұмысын тиісті деңгейде атқармаған облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жариялады.

Сауда және интеграция министр­лігінің мәліметінше, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің орташа баға индексі 0,2%-ды құрады, бұл 2025 жылдың басынан бергі ең төмен көрсеткіш. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова 2025 жылдың басынан бері әлеумет­тік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының орташа өсімі 3,4%-ды құрағанын, бірақ наурыз айының басынан бастап бағаның өсу динамикасы 0,4%-ға бәсеңдегенін атап өтті. Биылғы жылдың басынан бері ең жоғары баға өсімі картопқа (+19,3%), қырыққабатқа (+23,2%) және сиыр етіне (+9,0%) тиесілі. Сонымен қатар күріштің (-3,4%), жұмыртқаның (-2,1%) және ұнның (-0,3%) бағасы төмендегені байқалды.

«Бағаның ең жоғары өсімі Ақтөбе облысында (+0,8%), Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында (+0,5%), Жетісу облысында (+0,4%) тіркелді. Сонымен қатар Астана қаласында (-0,2%) және Батыс Қазақстан облысында (-0,1%) баға индексі төмендеді», деп атап өтті А.Бижанова.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков өңір­лердегі көкөніс қорларының боса­тылу барысы туралы хабарлады. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 12 наурыздағы жағдай бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­лар (ӘКК) тұрақтандыру қорлары үшін келісімшарт жасаған картоп қоры 41,3 мың тоннаны құрайды. Алайда кейбір өңірлерде жүр­гізілген тексеру нәтижесінде мәлім­делген көлем мен картоп­тың нақты қоры арасында айтар­лықтай айырмашылық бар екені анықталды.

Маңғыстау облысында мәлімдел­ген ӘКК-нің 2,5 мың тоннадан астамы­ның тек 25 тоннасы ғана нақты растал­ды. Шығыс Қазақстан облысында мә­лім­делген ӘКК-нің 1,6 мың тоннадан астамының тек 35 тоннасы ғана болған. Атырау облысында мәлімделгені – 394 тонна, расталғаны – 110 тонна.

Абай облысында мәлімделгені 2,2 мың тоннадан астам, расталғаны 183 тонна. Жамбыл облысында мәлімделгені 2,6 мың тоннадан астам, тексеру нәтижесінде бар болғаны 308 тонна расталды. Ұлытау облысында ӘКК 1,8 мың тоннадан астам деп мәлімдегеннің нақты 827 тоннасы болған. Батыс Қазақстан облысында ӘКК мәлімдеген 2,3 мың тоннадан астамының 1,3 мың тоннасы расталды.

Анықталған кемшіліктер негізінде вице-премьер облыс әкімдерінің орынбасарларына картоп қорларының дұрыс бақыланбауына байланысты сөгіс жариялады. Серік Жұманғарин Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің баға­сын тұрақ­тандыру үшін барлық қа­жетті шара­ларды қабылдағанын атап өтті. Мәсе­лен, асылтұқымды малдарды экспорт­тауға тыйым салынды, картопты үшінші елдерге экспорттауға алты айға шектеу енгізілді, импорттық тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым ен­гізі­леді. Дегенмен жергі­лік­ті атқару­шы орган тарапынан тиіс­ті бақы­лау болмаса, қабылданған шара­лар­дың нәтижелері тиісті әсер бермейді.

Қазіргі уақытта Қазақстанға Пәкіс­тан мен Қытайдан арзан бағадағы импорттық картоп жеткізу бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде Сауда коми­теті мен «KTZ express» экономи­калық операторымен бірге 4000 тоннадан аса картоп импортталды, тағы 700 тонна жолда.

Қосымша, Ауыл шаруашы­лығы министрлігі мен «Азық-түлік корпора­циясы» АҚ бірлесіп көкөніс баға­ларын тұрақтандыру үшін өзара іс-қимыл схемасын әзірледі. Бұл схема әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациялар мен «Азық-түлік корпорациясы» арасын­дағы өзара іс-қимыл арқылы өнім жет­кізу және өндірушілерді қар­жы­лық қолдау көрсету үшін қарастырылған.