Алматы 23 Наурыз, 2025

Ерболат Досаев «Almaty clean & green» ауқымды экоакциясына қатысты

139 рет
көрсетілді

Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны аясында «Almaty clean & green» атты ауқымды тазалық және көгалдандыру акциясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – қала экологиясын жақсарту және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу.

«Almaty clean & green» акциясы қала тұрғындарын біріктіріп, олар көшелерді, қоғамдық орындарды, саябақтарды, скверлерді және өзен жағалауларын тазалау жұмыстарын  белсене атқарды. Сонымен қатар, сенбілік барысында ағаштар мен бұталар отырғызылды. Акцияға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, мәслихат депутаттары, мәдениет қайраткерлері, спортшылар, жастар мен қоғамдық ұйым өкілдері, экобелсенділер және қала тұрғындары қатысты.

Тазару күнінде өткен экологиялық акцияға 50 мыңнан астам тұрғын, 1 200-ге жуық коммуналдық қызметкерлер атсалысып, 350-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Ауқымды тазалық жұмыстары барысында саябақтар, гүлзарлар, аулалар және демалыс орындары тазартылып, 8 мың текше метрден астам қоқыс жиналып, қала әкімдігі тарапынан арнайы полигонға шығарылды.

«Almaty clean & green» акциясының маңызды нәтижесі деп алма, алмұрт, шегіршін, қараған, үйеңкі және шаған сынды 10 мыңнан астам ағаш отырғызуды айтуға болады. Акция өткен орындарда мәдени-ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.

Экоакцияға қатысқан қала тұрғындары мен эстрада жұлдыздары ойын бөлісіп, алматылықтарды туған қаласына қамқорлық көрсетуге шақырды.

Экологиялық бастамаларымен танымал алматылық Евгений Мұхамеджанов экологиялық мәдениеттің маңыздылығын атап өтті.

«Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – қаламызды түрлендірудің негізгі қадамы. Бұл Алматының инвестициялық тартымдылығын, туристік әлеуетін және жалпы өмір сапасын арттырады. Біз туған қаламыз үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз»,  деді эколог.

Қоғам қайраткері, ҚХА мүшесі Рустам Кайрыев мұндай шаралардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңыздылығына тоқталды.

«Біз тек қоқыс жинап қоймай, экологиялық санасы жоғары қоғам қалыптастырудың негізін қалап жатырмыз. Бүгін осындай игі іске үлес қосқаныма қуаныштымын. Біз бірге сүйікті қаламызды таза әрі жайлы ете аламыз, өйткені Алматы – біздің ортақ үйіміз!», деді ол.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова осындай бастамалардың маңызын атады.

«Әрине, бұл ауқымды әрі маңызды жұмыс, өйткені сүйікті қаламыздың тазалығы бізге, оның тұрғындарына байланысты. Сол себепті тұрақты түрде осындай іс-шараларға қатысып тұрамыз. Өйткені бәріміз осында өмір сүріп жатырмыз, ал қаламыздың тазалығы – әрбіріміз үшін маңызды. Үйде отырмай, кіреберісті, ауланы, көшеңізді тазалаңыз!», деп ол тұрғындарға үндеу жасады.

Алатау ауданында өткен экологиялық акцияға қатысқан әнші Өктем Алтаев мұндай іс-шаралардың сергітіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтынын айтты.

«Мен Алматының тазалығына үлес қосу үшін қатысып отырмын. Мұнда нағыз мерекелік атмосфера орнаған. Наурыз мейрамы мен қасиетті Рамазан айының осы іс-шарамен тұспа-тұс келуі ерекше әсер сыйлап тұр. Акция жоғары деңгейде өтуде. Алматыны жақсы көрейік, оның тазалығын сақтайық – біздің сүйікті қаламыз әрдайым жүрегімізде!», деді өнерпаз.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада және опера әншісі Толқын Забирова алматылықтарды мерекемен құттықтап, акцияға белсене қатысты.

Қоғам қайраткері Бекнұр Қисықов мұндай іс-шаралардың азаматтық белсенділікті нығайтатынын атап өтті.

«Біз осы іс-шара арқылы қалаға қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастырамыз. Almaty Clean & Green – жай ғана экологиялық бастама емес, бұл – жанашыр адамдарды біріктіретін қозғалыс»,  деді ол.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлушаш Нұрмағамбетова сенбіліктің тәрбиелік мәніне тоқталды.

«Жастарды осындай іс-шараларға тарту өте маңызды. Бұл тек тазалық жұмыстары емес, азаматтық жауапкершілік пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің мектебі. Мен Алматыда 50 жылға жуық уақыт тұрамын, қаламыздың әрдайым таза болғанын қалаймын!»,  деді ол.

Театр және кино актрисасы Мөлдір Серікбай шығармашылық адамдарының мұндай акцияларға қатысуының маңыздылығын жеткізді.

«Біз өнер адамдары сахнада маңызды мәселелерді жиі көтереміз. Бірақ бүгін мен оны іс жүзінде көрсетуді жөн көрдім. Қалаға деген махаббат оған қамқорлық жасаудан басталады», деді ол.