Шың
Ұлы дала мәдениетінің жауһар туындыларын әлемдік деңгейдегі сахналарға алып шығуда орасан зор еңбек сіңірген сирек тұлғалар жайында сөз қозғалған тұста, жадымызға бүкіл шығармашылық қуатын ұлттық мүддеге, рухани тамыры халықтық қайнардан бастау алатын дүниелердің өркендеуіне жұмсаған Шамғон аға сияқты бітімі кесек жайсаң жандардың алдымен оралуында үлкен сыр бар. Ол кісінің асқаралы өнер жолындағы ұлан-ғайыр қызметінің қыр-сырын жан-жақты толымды түрде сипаттаудың өзі едәуір күрделі шаруа және Шамғонтану іліміне ат ізін салатын келешек маман-зерттеушілерге музыкант мұрасының тереңінен теңдессіз маржан терудің өзі де жеңіл іс бола қоймасын түсінемін. Сөз саптап, сөйлем құрауы, жүріс-тұрысы, білім өресі – бәрі де өзіне жарасып тұратын Шамғон ағамыздан өз басым оркестрде көп нәрсе үйрендім. Бас дирижердің тұлғалық болмысына тән ерекше қасиеттерін айтпағанда, Шамғон ағаның өз кәсібіне тиянақтылығы соншалық ол партитураны өн бойынан өткізіп, ажырата алатын қасиетке ие еді. Сондықтан да оркестр мүшелері тарапынан орынсыз сұрақ қойылып немесе қасақана артық дыбыстар алып, теріс ойнау сияқты қисынсыз қылыққа жол берілмейтін. Оның: «Мен 24 жол партитураны түгел естіп тұрамын, ал сендердің бір жол партияны ойнап отырып, жаңылысуларыңа не жорық?» деген сын-ескертпесі біздерге үлкен сабақ болатын. Дирижер ағамыз репетицияға арналған уақытты тиімді пайдаланып, оркестрмен жұмыс істеу әдістемесін дұрыс ұйымдастыруға зор маңыз беретін. Осал орындаушы топтарды кейінге қалдырып, қайта ойнатып, қате тұстары түзелгеннен кейін ғана негізгі топқа қосуға рұқсат етілетін. Асыл ағамыз туралы суық хабарды құлағым шалғанда нағыз зиялыға тән әсем болмысы, Құрманғазы атындағы оркестрде онымен бірге халыққа өнер сыйлаған шат-шадыман сәттерім еріксіз есіме түсті. Шәкірті ретінде 80 жылдық мерейтойына арнап «Шамғон шыңы» естелігін жазғаным күні кеше сияқты еді. Енді оның бәрі кейінгі ұрпаққа өнеге, шәкірттеріне үлкен мектеп болып қалатын ұлттық құндылығымызға айналды. Ойлап отырсам, осы бір ерекше жанмен мен сонау студенттік шағымнан бастап таныс екенмін. Анадай жерден ағамыздың сұлбасын көрген сәттен шыбықтай иіліп тұра қалатынбыз. Нағыз ұстазға деген құрмет осылай әр жүректен лайықты орын таба алған адамға ғана көрсетілсе керек. Жағалай жамырап амандасамыз. Шамғон аға басын ақырын ғана жаймен изеп, қасымыздан қалқып өте шығатын сол бір сәттің өз қуанышы, жас жүректі елжіретер өз махаббаты болушы еді. Сол келісті келбет қазір де жанымыздан жанай өтіп, көз қиығы жетпес қияндағы құзға сіңіп кетіп бара жатыр. Жанның бір бөлшегін суырып әкеткендей әлсіздікке байланған оркестр аспаптарының пернесінен арагідік күй аңырайды... Басқа салаларды қайдам, музыка әлемінде дәл мұндай қаралы күндердегі халық жоқтауы, көп мұңы әуен арқылы тарқатылады. Бәріміздің ол кісіге деген сүйіспеншілігіміз соның ішінде. Әуеннің, музыканың құдіреті сонда. Сол құдіретті игере алған жанның жан-дүниесін қалай асқақтатсақ та мұндай құрметке ол әбден лайықты. Орынбай ДҮЙСЕН, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. АСТАНА.Құдіретті Қажығалиев еді
Бәрімізге ұлы ұстаз, аяулы жан Шамғон ағаның ортамыздан озуы жүрегімізге қатты батуын айтып жеткізе алмаспыз. Бізге қазақ өнерінің қайталанбас тұлғасы тәлімін көріп, шеберлігін көкірекке қондырған ізбасарлары тұрғысында жарқын бейнесі көкірегімізден ешқашан кетпек емес. 1992 жылы айтулы қайраткердің Қарағанды облыстық Тәттімбет атындағы халық аспаптары оркестріне көркемдік жетекші – бас дирижерлік қызметке шақыруды қабыл алып, ол уақытта оншалықты танымал емес шығармашылық ұжымымызбен табысуын керемет қуанышпен қарсы алғанымыз қалайша ұмытылар. Ол өзінің өнердің өріндегі жарты ғасырлық бай тәжірибесін оркестрдің кәсіби деңгейі мен орындаушылық шеберлігін көтеруге аянбай жұмсады. Оның басшылығымен еліміздің музыкалық үрдісінде тұңғыш рет оркестрімізбен «Абай» және «Қыз Жібек» операларының концерттік варианттары орындалды. Осындай үлкен ізденіс пен ерен еңбектің арқасында оркестрді академиялық атағына жеткізді. Шынайы өнер – мәңгілік. Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дәулеткерей, Сейтек, Дина күйлері және қазақ композиторларының шығармалары күні бүгінге дейін Шамғон ағамыз жасаған үлгіде орындалып келсе, бұдан былай да солай жалғаса береді. Өмірдің өзіндей шыншылдығы, ақиқаттың өзіндей айқындығы, табиғаттың өзіндей табиғилылығы сонша, оларды басқаша орындау мүмкін еместігін білеміз. Шамғон Қажығалиевтің құдіреттілігі де осында. Ұлтымен мәңгілік жасай берер ғажайып қазына қалдырудан артық қандай бақыт болар. Ол сондай мәңгілік бақыт құшағында тербетілер жан. Бүгінде оркестріміздің атақ-даңқы алысқа аян. Оны жаңғыртушы Шамғондай ұлы ұстазымыз жасаған репертуар байлығының жылдан-жылға құндылығы арта түсіп, ұлттық өнеріміз мәртебесін өсіріп келеді. Осыны аманат еткен Шамғондай алып өнер иесінің сеніміне адал болу, селкеу түсірмеу бізге зор мерей болмақ. Рымбала ОМАРБЕКОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Талғат ЫДЫРЫСОВ, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің директоры. ҚАРАҒАНДЫ.Шәкірттерін баласындай көретін
Жалған өмір-ай... Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дирижер, КСРО халық әртісі Шамғон аға Қажығалиев дүниеден озды. Осынау қаралы хабар қабырғамызды қайыстырып жіберді. Шамғон аға дара дарын еді. Шынайы талант иесі өзінің мағыналы өмірін тек өнер саласына арнады. Бала күнінен қолына домбырасын ұстап, ұлттық өнердің өркен жаюына өлшеусіз еңбек сіңірді. Әсіресе, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік халық аспаптары оркестріне жетекшілік еткен тұста таланты ерекше танылды. Бұл оркестр Шамғон ағаның жетекшілігімен М.Глинка, Л.Бетховен, В.Моцарт, Г.Берлиоз, П.Чайковский, С.Рахманинов, С.Прокофьев, А.Хачатурян, Д.Шостакович, А.Жұбанов, М.Төлебаев, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов сынды атақты композиторлардың шығармаларын орындады. Ұстаздығы тіптен ерекше еді. Өнерге ықыласы ауған шәкірттерінің ешқайсысын алаламайтын. Өзінің баласындай жанына жақын тартып, биіктен көрінуге талпындыратын. Оны дәріс алған шәкірттерінің барлығы құрметтейтін. Мен де асыл ағаны ұстаз тұтушы едім. Кездескен сайын өнердегі жетістігімді сұрап, балаша қуанып отыратын. Бақұл болыңыз, ұлттық өнердің корифейі, жанашыры, қамқоры, аяулы ұстаз! Орақ ЖАУЫРОВ, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, Атырау облысының құрметті азаматы. АТЫРАУ.