Пікір 28 Наурыз, 2025

Құрылтай – нәтижеге жеткізетін формат

63 рет
көрсетілді

Ұлттық құрылтай кейінгі жылдары маңызды алаңға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, ауқымды реформалар мен нақты өзгерістердің бәрі халықтың тілегі мен заманның талабына сай жасалып жатыр. «Бұл жердегі түпкі мақсат – барлығын өзгерту емес. Ең бастысы – атқарылып жатқан шаруаны оңтайландырып, оның тиімділігін арттыру», дейді Мемлекет басшысы.

Ұлттық құрылтай жай ғана талқылау емес, проблемалардың шешімін нақтылайтын тетік, ал билік соларды заңнамалық ресімдеу мен іске асыруға мүмкіндік береді. Сондықтан да құрылтай нәтиже беретін формат екенін сеніммен айта аламын.

Құрылтайдың үшінші отырысының қорытындысы бойынша 10 заң жобасына бастамашылық жасалып, оның 9-ына Президент қол қойды. Құрылтайда көтерілген тақырыптардың басым бөлігі әлеуметтік саясатқа, мәдениетке және қоғамдық құндылықтарға тікелей қатысты болғандықтан, салалық комитет төрағасы ретінде осы жұмыстарға тіке­лей қатыстым. Негізгі өзгерістер арасында ойын бизнесін жар­намалауға тыйым салу, тарихи ескерткіштер мен табиғи нысандарды қорғау, марапат жүйесін кеңейту, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, батырлар есімін ұлықтау, есірткі қылмысына жазаны күшейту, ономастика ережелерін жаңарту, өңірлік рәміздерді реттеу бастамалары бар. Сонымен қатар археология саласын реформалау жұмыстары жоспарланып отыр. Онда лицензиялаудың жаңа стандарттары енгізіледі, заңсыз қазба жұмыстары үшін жазалау шаралары күшейтіледі.

Ұлттық құрылтай бұл оқшау­ланған бастама емес, Президент­тің кең ауқымды реформалық саясатының бір бөлігі екенін атап өту маңызды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бағыты мен қоғамдық үн қатуды күшейту аясында құрылтай азаматтардың ұсыныстары нақты заңдар мен реформаларға айналатын құралға айналды.

 

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,

Мәжіліс депутаты