Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХII сессиясында жасаған баяндамасында Қазақстан Республикасының Президенті, Ассамблеяның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХ ғасыр қазақ халқына қатаң қасіретті болғанын, оның ең бір қасіреті сталиндік қылмыстық ұжымдастыру салдарынан 1,5 миллион қазақ аштықтан қырылғанын, осыдан әлемде бірде-бір елдің, бірде-бір халықтың қазақ халқы сияқты демографиялық ахуалда мұндай күйреушілікті бастан кешпегенін және толық жойылып кету қаупі туындамағанын айтып өтті.
Мемлекет басшысы «Біз өзіміздің қиын тарихымыздан сабақ алуға тиістіміз» деген сөздері тек қана Қазақстан халқына жолданып отырған жоқ, ол сөздер бүкіләлемдік қауымдастыққа арналған. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының кім екенін, қандай екенін әлемге көрсетіп отыр. Баяндамасында Мемлекет басшысы: «Біз тірі қалдық, топтаса білдік, қатыгезденген де жоқпыз, өшіккен де жоқпыз, ешқашан ешкімді кінәлаған да емеспіз. Біз төтеп бере білдік, сталинизмнің бүкіл кінәсіз құрбандарына көмектестік, өз төңірегімізге барлық этностар мен конфессияларды біріктіре отырып, өз тәуелсіздігімізге бейбіт жолмен қол жеткіздік», деп атап көрсетті.
Жұмабек әулетінің өмірі мен тағдыры халқымыздың тағдырымен тікелей байланысты. 1930-1933 жылдарғы ашаршылықта атам Жұмабек ер-азаматтың нағыз қуатты кезінде – қырықтар жасында дүниеден озды. Әжеміз Бибисара 12-13 жасар қызы Күлшарипамен және 7-8 жасар кішкентай ұлы Исламмен жесірдің өмірін кешті. Заманның бейнетін көтеріп, екі баласын аман алып қалды. Әжемнің мейірімін, алақандарының жылылығын сезіп мен де өстім. Ол кісі 1963 жылы 67 жасында, мен 8-ші сыныпта оқып жүргенде қайтыс болды.
Адамзат тарихындағы ең жойқын соғыс басталғанда менің әкем Ислам Жұмабеков мектептің 7-ші сыныбына көшкен болатын. Ол жылдары ауылды жерлерде мектептер де аз және негізінен бастауыш қана болатын.
Ашаршылықтан, репрессиялардан әлсіреген, халқының саны күрт азайғанына қарамастан, Қазақстан 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына 1 миллион 200 мыңнан астам адам аттандырғаны белгілі.
Солардың бірі менің әкем Ислам Жұмабеков болды. 1942 жылдың мамыр айында ол 18 жасқа толды. Сол жазда әкем Алматы облысы Ақсу аудандық әскери комиссариатымен әскерге шақырылып майданға аттанды.
Өкінішке қарай, әкемнің соғыс кезіндегі фотосуреттері өте аз. Солардың ішінен майдандағы алғашқы айларда түскен фотосуретін жіберіп отырмын. Суретте жап-жас баланы көріп отырсыздар. Осындай жастар кеудесін оққа тосып, Отан үшін жанын қиып, ерекше ерлік көрсетіп, адамзат өркениетін фашизмнен құтқарған.
Әкем Ислам Жұмабеков 1942 жылдың тамыз айынан бастап қатардағы атқыш та, шофер да болды, ауыр шайқастардың бел ортасында жүрді.
Оңтүстік Батыс майданы, 3-Украин майданы құрамындағы әскери бірлестіктерде болып Дондағы Ростовтан бастап Мажарстан, Австрияға дейін барды. Соғыс жылдары көрсеткен ерлігі үшін әкем Ислам Жұмабеков «ІІІ дәрежелі Данқ», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, «Будапештті алғаны үшін», «Венаны алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және тағы басқа медальдармен марапатталған.
Әкем соғыс туралы әңгіме қозғауды жақтыртпайтын. Ұлы Жеңіс күндерін қарсы алған кезде зұлмат жылдары көптеген полктестерінің қаза тапқанын еске алып, елімізге бейбіт өмір тілейтін. Аса қатты уайыммен ауылдан майданға бір уақытта шақырылып, үш жыл соғыста аман жүріп, 1945 жылы сәуір айында, жеңіске бір-екі апта қалғанда Берлин үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқан досы туралы айтатын.
Әкем сұрапыл соғыс жылдарында тағдыр аман алып қалғандардың бірі болды. Жас болғандықтан соғыстан кейін оны тағы екі жыл әскери қызметте қалдырды. Ол елге 1947 жылдың жазында оралды.
Әкем қарапайым адам болатын. Әскер қатарынан оралған соң ең бір бейбіт мамандықтардың бірін игеріп, бухгалтер болып жұмыс жасады. Бірақ маған жоғары білім алуың керек деп ынталандырған сол кісі.
Миллиондардың өмірін құрбан еткен соғыстың аяқталғанына 70 жыл болды.
Әкем 1924 жылы мамыр айында дүниеге келіп, 1994 жылдың мамыр айында өмірден озды. Жеңістің 50 жылдығын қарсы алуына бір жыл өмірі жетпеді.
Мен жеңіс солдаттарының бірінің баласы болғанымды ойымнан шығармаймын. Балаларым, немерелерім аталарының майдангер болғанын, ерлік көрсеткенін, мемлекеттік марапат алғанын жақсы біледі, мақтан етеді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан ел азаматтарының ғұмыры, ерлігі, адалдығы, Отанға деген сүйіспеншілігі – кейінгі ұрпаққа үнемі дәріптелетін өнеге.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығын жоғары деңгейде өткізуге тәуелсіз Қазақстанда барлық іс-шаралар өткізілуде.
Оңалсын ЖҰМАБЕКОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.