Ұлытау облысында алғаш рет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тізе, жамбас буынын эндопротездеу операциясы жасалды. Бұл – зақымданған буынды жасандысына айырбастайтын өте күрделі операция. Эндопротездерді пайдалану мерзімі – 20 жыл. Жоғары технологиялық медициналық көмек буыны қатты зақымданған емделушілерге көрсетіледі.

Күні бүгінге дейін Ұлытау облысындағы науқастар күрделі операция жасатуға Қарағанды, Астана қалаларына сабылатын. Облыс қайта ашылғаннан бері дәрігерлер жергілікті халықты өздері емдеуге әрекет етіп жатыр. Бұрын-соңды мұндай операция еліміздің ірі қалаларында жасалатын, науқастар кезегін ұзақ күтетін. Енді эндопротездеу ұлытаулықтарға алысқа бармай-ақ, Жезқазған қаласындағы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қарасты «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС базасында қолжетімді.
Бұрын мұндай операция коммерциялық негізде жасалатын. Жезқазған медициналық орталығының травматология бөлімшесінің травматолог-ортопеді Ерғанат Шахатов МӘМС шеңберінде жасалған алғашқы операцияның қалай өткені туралы: «Бізге операция жасауда тәжірибесін бөлісуге елордадағы «Alanda» клиникасынан жоғары дәрежелі травматолог-ортопед, Астана медицина университетінің ғалымы Біржан Қайырбекұлы арнайы келді. Сонымен қатар операцияға екінші дәрежелі травматолог-ортопед Жасұлан Шалабаев қатысты. Екі күннің ішінде 3 жамбас, 3 тізе буынын ауыстырдық. Дәлірек айтқанда, алты адамға операция жасалды. Күрделі операцияны өзіміз бірден жасап кетеміз деп айта алмаймын. Әзірге тәжірибесі мол тәлімгердің көмегі қажет. Алдағы уақытта білімімізді тереңдетіп, алған тәжірибемізді жетілдіре береміз», деп мәлімдеді.
Жалпы, операциялардың құны 2 млн теңгеден асады. Операцияға дейін науқастар түгелдей тексерістен өтеді. Асқазанда жара, жүректе ақау болмауы керек.
Кең әрі жарық бөлмеде жатқан емделушілердің қабағы ашық. Аяғын баса алмай, ауруы жанына батқан Раушан Мұратқызы Қарағандыға барып, емделмек болған екен. Сәтбаев қаласындағы емханадан травматологтің жолдамасын алып, операцияға дейінгі бүкіл медициналық тексеруден тегін өткен. Қаражал қаласының тұрғыны Лейла Шубаева да МӘМС қаражаты негізінде операцияны тегін жасатып, аяғын басып жүре алатын жағдайға жетті. Операция жасатқан жандар 7-8 күн емделіп болған соң өздері тұратын жергілікті емхана дәрігерінің бақылауына көшеді. Мазалаған сұрақтары болса кез келген уақытта өздеріне операция жасаған дәрігерге келіп, кеңес ала алады.
Ұлытау облысы