Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы әлемдік премьераларды қазақ тілінде көруге шақырады. Наурыздағы мереке күндері Алматыда Disney студиясының «Ақшақар» фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесер көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл – Disney-дің қазақ тілінде «сөйлеткен» төртінші фильмі. Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 40-ға жуық нұсқасын дайындайды. «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен былтырдан бастап ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады. Осы бастама аясында Disney студиясы 2024 жылы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» деп аталатын үш фильмін қазақ тіліне аударып, дубляж жұмыстарын қаржыландырды. Енді көрерменге «Ақшақар» туындысы ұсынылып отыр. Disney студиясының «Ақшақар» фильмі – 1937 жылғы анимациялық фильмнің бейімделуі. Сиқыр мен музыкаға құрылған шытырман оқиғада 7 ергежейлі кейіпкер – Ақылды, Жұбаншақ, Күлегеш, Ұялшақ, Түшкiршек, Ұйқышыл және Аңқау экранға қайта оралады.
Көрсетілімге дубляж актерларының толық құрамы, танымал тұлғалар тұтас қатысты. Олар: мюзикл актрисасы Жарқынай Ханайым, әнші, актриса Айгүл Иманбаева, әнші Жұлдыз Уәлихан, әнші Еркеш Хасан, актер Қайрат Әділгерей, кинорежиссер Ақан Сатаев. Қазақ тіліндегі дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев, қазақ тіліндегі әндердің музыкалық жетекшісі – Анель Сіргебаева.
Бұған дейін «Моана 2»-нің қазақша нұсқасы бокс-офистердің 12,36% үлесін қамтыған еді. Кассалық табыс үлесі 12 күнде 151 000 000 теңгеден асып, қазақшаға аударылған анимациялық фильмдер арасында ең табысты туынды ретінде рекорд орнатты. Disney мен Pixar студиясының «Ойжұмбақ 2» фильмі алғашқы 4 күнде 40 000 000 теңгеден астам қаражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатқан болатын. «Муфаса. Арыстан патша» көркем фильмін қазақ және орыс тілдерінде көруге 1,1 миллион көрермен келген.
Көрсетілімге елімізге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен депутаттар, дубляж актерлары мен блогерлер, БАҚ өкілдері қатысты.