Оған аудан орталығынан пәтер тарту етіліп, зор құрмет көрсетілді
Ел басына ауыр күн туғанда біздің ауылдан 127 азамат Отан қорғауға аттанған екен. Жан алысып, жан беріскен қан майданнан олардың 79-ы ғана туған-туысқандарымен аман-есен қауышқан. Жыл өткен сайын бұл аталарымыздың қатары селдіреп, қазір бір ғана ардагер қалды. Ол 90-ға келсе де, тұғырдан тая қоймаған қадірменді Айса Сапанов ақсақал.
Арамызда асқар таудай болып жүрген атамызға басымызды иіп, тағзым етеміз. Болашақ ұрпақты Отанды сүюге, елінің, туған жерінің адал патриоты болуға, ынтымақ пен бірлікті құрмет тұтуға тәрбиелеу ісіне әлі де үлесін қосып келеді. Мектебімізде өтетін тәлім-тәрбие сағаттарында, Тәуелсіздік мерекесі, Отан қорғаушы, Жеңіс күні сияқты мерекелік шараларда өмірден көргені, түйгені мол атаның әңгімелерін, естеліктерін шәкірттеріміз сүйсіне тыңдайды. Одан үлкен ұлағат ала отырып аға ұрпақ өкілдеріне ұқсауға талпынады. Адамгершілік, азаматтық, ұлтжандылық қасиеттерді бойларына сіңіреді.
Оқушылардан құралған жас тимуршылар атайдың үйіне барып, қолғабыс беріп тұруды дәстүрге айналдырған. Жергілікті әкімдік те сый-сияпаттарын жасап тұрады. Жаңа жыл қарсаңында аудан орталығы – Новоишим ауылында пайдалануға берілген 3 қабатты тұрғын үйдің жайлы бір пәтері Айса атамызға тарту етіліп, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында зор құрмет көрсетілді.
Әсемгүл ЖАНҒҰТТИНОВА,
Сарыбұлақ орта мектебінің директоры.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ғ.Мүсірепов ауданы.