Кеше Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен V Съезге әзірлік және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы болды. Съезд 2015 жылғы 10-11 маусымда Астанада өтеді және діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуына арналады.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бастамашысы болып табылатын діни форумның маңызы ерекше екеніне тоқталған Съезд Хатшылығының Басшысы Қ.Тоқаев «Бұл форумды тиімді және іскерлік тұрғысында өткізуді қарастыра отырып, шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруды қамтамасыз ету керектігіне» Мемлекеттік комиссия мүшелерінің назарын аударды.
Сенат Төрағасы Съездің тұжырымдамалық, идеологиялық және саяси мәселелері туралы өз ойларын ортаға салды, сондай-ақ мекемелердің басшыларына тапсырмалар берді. «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезіне әзірлік және оны өткізу жөніндегі шаралар жоспары бекітілді. Қазіргі кезде осы жоспарды іске асыру жөніндегі жұмыстар басталды. Осы істі ұйымдастыруға тартылған барлық министрліктер мен мекемелер шараны табысты өткізу үшін тығыз байланыста және жұмыла әрекеттесуі керек», деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезін ұйымдастыру жөніндегі атқарылған жұмыстар бойынша Мемлекеттік комиссияның хатшысы, Парламент Сенаты Аппаратының басшысы А.Судьин, Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, Астана әкімінің орынбасары Е.Аманшаев сөз сөйледі, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.