• RUB:
    5.97
  • USD:
    504.34
  • EUR:
    556.34
Басты сайтқа өту
Өнер 02 Сәуір, 2025

Қолдан көлік құрастырған

58 рет
көрсетілді

Суретші әрі дизайнер Талғат Рүстемұлының арманы – отандық көлік шы­ғару. Айтуынша, елімізде инженерлік жағынан білімді де талантты аза­­­мат­тар аз емес. Тек қолдау керек. Ол өзі жуықта жол талғамайтын көлік құрас­тыра бастапты. Көліктің қаңқасы шетелдік болғанымен, ұсақ-түйек әр детальді қолдан жонып, қиялына қарай дизайнын жасап жатыр.

Бала жастан өнерге, техникаға жуық Талғат Рүстемұлы Түркістан қаласында бейнелеу өнері және дизайн факультетінде білім алған. Қызылорда өңірінің тумасы болғанымен, қайбір жылдары Шығыстың Шемонаиха қаласына көшіп келіпті. Мұнда қазір көліктің жүру бөлігін жөндейді, кішігірім техникалар құрастырады. Темірден түйін түйіп, тас қашайтын өнері және бар.

– Отандық көлігіміз болса деген арманым – аспандағы ай емес. Кіріссек, қолымыздан келетін іс. Қазір керек-жарақтың бәрі бар. Бұрынғы суретшілер секілді бояуды шөптен жасап, шедевр туғызудың керегі жоқ. Тек еңбек етуіміз керек. Әйгілі «Ролс Ройс» компаниясының іргесін қалаған Чарлз Роллс та қарапайым шаруаның баласы еді. Кедейліктің кебін киіп жүріп, әлемге әйгілі машина жасады, – деп өз-өзін жігерлендіріп қойды өнертапқыш Талғат Рүстемұлы.

Кейіпкеріміз құрастырып жатқан көлігінің дизайнын да өзі сызып, жасап жатыр. Техникасының пошымына ғана емес, сапасына да мән берген. Жүріс бөлігіндегі кейбір темірлердің арасына су жиналып, шірітпеуі үшін де саңылаулар жасаған. Ондайды алпауыт көлік құрастыру зауыттары ойлай бермейді дейді. Қыл аяғы жарық шамдарына дейін қолдан жасауға бекінген. Аса ұқыппен қолға алған машинасын күзге қарай аяқтап, өзі тізгіндейді. Құжаттарын да заңдастырып алатынын айтады.

– Құраудың жөні осы деп, темірлерді дәнекерлей бермеймін. Әр детальдің есебі бар. Ең әуелі қауіпсіздікті алға қойдым. Одан соң жайлылық. Дизайн жағы да үйлесіп тұруы керек. Қозғалтқыштың көлемі – 3,9. Демек жолсыз жерлермен де жүруге қуатты. Жүру бөлігінің детальдарын түгелдей дерлік қолдан жасадым, – дейді шебер.

Айтып өткеніміздей, Талғат шебер көліктен басқа да техникаларды қолдан құрап алады. Тапсырыспен ауылдастарына құрап та береді. Қазір шеберханасында көліктен бөлек бетон езетін құрылғыны да қалқайтып қойған. Бірақ ұлы арманы – қазақтың көлігі. Егер отандық машина шығып жатса, ұлттық өрнек қосып, әлемдік нарыққа шықсақ деп қиялына ерік берген. Бәлкім, ертең-ақ орындалатын арман.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Шемонаиха қаласы