Жамбыл облысы Шу ауданындағы ана өлімі фактісі бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Шу ауданының емханасы мен ауданаралық орталық ауруханасына қатысты тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, тексеруді бастап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz сала министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап.

Тексеру жүргізу кезеңінде Шу ауданының ауданаралық орталық ауруханасының бас дәрігері мен перзентхана бөлімшесінің меңгерушісі атқаратын лауазымдарынан шеттетілген.
«Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Е.Мұсабаев тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қатаң сөгіс шығарылды.
Медициналық көмек көрсетудің стандарттары мен қағидаларын бұзуға жол берген басқа адамдарға қатысты да жұмыстан шығаруға дейін тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданатын болады», делінген хабарламада.
Министрлік комиссиясы медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзушылықтарды жою мақсатында Жамбыл облысының барлық босандыру ұйымдарына мониторинг жүргізуге бастамашылық жасады.