• RUB:
    6.13
  • USD:
    514.94
  • EUR:
    583.74
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» 03 Сәуір, 2025

Тазалық айлығы басталды

51 рет
көрсетілді

Қар еріп, көктем шыққалы Орал қа­ла­сында әдеттегі сани­тарлық-та­­за­лық жұмысы басталды. ­Қа­ла­ әкім­дігінің арнайы қау­лы­сы­мен 29 нау­рыздан 26 сәуірге дейін экологиялық таза­лық ай­лы­ғы жарияланды.

Өткен сенбі күні ­облыс орталығын қоқыстан жаппай тазалау жұмысы басталып та кетті. Қаланың 10-шағын ауданы, ет комбинаты бөлігі, Деркөл мен Зачаган кентін байланыстыратын айналма жол, Желаев жолы бойы тазаланды. Іс-шараларға бір мыңнан астам адам, студенттер, жастар, мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйымдар атсалысты. Білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау мекемелері, бизнес нысандары, кәсіпорындар, көпқабатты, жеке сектордағы тұрғын үй иелері өздеріне қарасты аумақты жинады. Сенбілік аясында қала аума­ғында бір күнде 400 тонна қоқыс қалдығы шығарылды.

– Біз қала тазалығын ұйым­дастыруды бірнеше бағытқа бөліп қолға алдық. Қазір әкімдіктің бөлім мамандары қаланың әр учаскесіндегі бизнес нысандарды аралап, өз аумағын тазалау жө­нінде ресми хабарлама таратып жатыр. Санитарлық тазалық айлық аясында жасайтын жұмыс көлемі нақты жоспарланған, – дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.

Осы жоспарға сәйкес, алдағы 5, 26 сәуірде өтетін сен­бі­ліктер – көшет отырғызу, тал-теректің түбін әктеу, гүл­зарларды қалпына келтіру апта­лығы болмақ. Орал қала­сында 57 сквер мен саябақ бар. Олардың әрқайсысына облыс орталығындағы департаменттер мен басқармалар жауапты болып бекітілген. Әр басқарма өзіне қарасты аумақты абаттандыруға әзір.

Жандос Асхатұлының ай­туын­ша, 19 сәуірде «таза жағалау» іс-шарасы өтеді. Орал қаласын орап жатқан Деркөл, Шаған, Жайық өзен­дерінің жағалауы тазаланады. Бұл шараға да түрлі мекеме, ұйым қызметкерлері жұмылдырылады.

Бір айта кетерлігі, сани­тар­лық-экологиялық айлық уақытында сенбі күндері Орал-Саратов тас жолы бойындағы, Асан ауылының маңындағы полигондар тұрғындардан күл-қоқысты тегін қабылдайтын болды. Яғни жеке ауласы бар тұрғындар қыс бойы жиналып қалған көң-қоқысын арнайы орындарға тегін төгіп кете алады.

Бүгінде Орал қаласының тазалығын күтіп-ұстау тендер нәтижесінде «Жайық таза қала» мекемесіне тап­сырылған. Компания 2026 жылдың соңына дейін қызмет көрсетпек. Сонымен қатар ірі габаритті қалдықтарды шығаруға «Строй Компас» ЖШС да атсалысады.

«Қала әкімдігі қала аума­ғында контейнер алаңдарын салып, жаңа еуроконтейнерлер сатып алу жұмысын жалғастырып келеді. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 000 дана еуроконтейнер алынып, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 80-ге жуық жаңа алаң жасалатын болады», дейді Ж.Дүйсенғалиев.

Орал қаласында абаттандыру ережесін сақтау, бұзушылыққа жол бермеу мақсатында қалалық тұр­ғын үй коммуналдық ша­руашылық бөліміне қарасты мониторингтік топ құрылған. Топ құрамындағы 15 адам қала аумағында күнде­лікті мониторинг жүргізіп отырады. Топтың жұмысы өте нәтижелі, 2025 жылдың басынан бері ғана ереже бұзушылықты жою жөнінде 1 188 хабарлама берілген.

Қоршаған ортаны күтіп ұстау, тазалық сақтау – әр­кімнің міндеті. Сондықтан мекеме, ұйымдар, әсіресе бизнес нысандары, коммерциялық ұйымдар, құрылыс мекемелері өздеріне тиесілі аумақты ретке келтіріп, күл-қоқыстан тазалау, абаттандыру ісіне белсенді қатысуға тиіс. Сондай-ақ ПИК, МИБ, ЖС сияқты көппәтерлі үйлерді басқарушы нысандар да тазалық айлығына бір кісідей қатысып, тұрғындар өз ауласында, көпқабатты үйлерде сенбілік ұйымдастырып жатыр.

 

Батыс Қазақстан облысы