Ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған оқыту семинарлары мен тренингтері 1-2 сәуірде іске асырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қаланың «Ақтөбе» қонақ үйінде, «Үміт» мәжіліс залында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-ның қолдауымен «Рухани жаңғыру» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен дін мәселері бойынша білікті мамандарды дайындауға бағытталған іс-шара өтті. Оған «Дін зерттеу орталығының», мешіттердің, орта және жоғары оқу орындарының және т.б мамандары, имамдары, психологтары, теологтары қатысты.
Жиында дін мәселелері бойынша түсіндіру тобының мүшелері – дінтану маманы Талдыбаев Төлеген Өмірзақұлы «Әлеуметтік желіде жат ағым идеологиясын айқындау техникасы мен БАҚ-пен жұмыс жасау негіздері» тақырыбымен қатысушыларға қазіргі ғаламтор арқылы зиянды контенттің манипуляция, радикалды көзқарастар, эмоциялық әсер ету сияқты негізгі белгілері туралы түсіндірді. Ал дәрістің екінші бөлімінде «Жаңа заманда ақпараттың таралу көздері мен принциптері. Ақпарат көздерін іріктеу тәсілдері» тақырыбына сай ақпараттық оқыту өрісін қалыптастыру бойынша қажетті ақпаратты жинақтау-іріктеу практикалары жүргізілді. Сондай-ақ, ақпарат көздерін талдау, оның шынайылығын тексеру және жасырын мақсаттарды анықтау әдістері де көрсетілді.
Сонымен қатар, семинарды риторика маманы Аманбек Толқын жалғастырып, «Эффективная коммуникация. Конфликтология» тақырыбында қатысушыларға тиімді қарым-қатынас орнату және конфликттермен жұмыс істеу үшін пайдалы құралдарды ұсынды. Сонымен бірге, сөйлеу техникасының меңгерудің тиімді жолдарын атап өтіп, дұрыс диалог құруға, үннің құлаққа жағымды, сөздің, буынның ашық, айқын болуына септігін тигізетін тәсілдермен бөлісті.
Сонымен қатар, семинарлар мен тренингтер барысында қатысушылар тарапынан дәріскерлерге сұрақтар қойылып, тұжырымды жауаптар алынды.