Елордада эксперименттік білім беру бағдарламасын аяқтаған түлектерге диплом табысталды. Бұл қанатқақты жоба аясында 155 мектеп оқушысы мемлекеттік аттестациядан өтіп, жұмысшы мамандығын меңгерді.
Аталған бағдарлама 10-11-сынып оқушыларына мектеппен қатар колледжде кәсіптік білім алуға мүмкіндік береді. Осылайша, жоғары сынып оқушылары теориялық біліммен қатар, тәжірибе жинақтап, еңбек нарығына дайын маман ретінде шығады.
Эксперименттік білім бағдарламасы елордадағы Кәсіптік-техникалық колледж, Сервис және туризм колледжі мен Техникалық колледжде жүзеге асты.
Кәсіптік-техникалық колледж директорының кәсіптік оқыту бойынша орынбасары Нәзира Тоғайбаева аталған бағдарламаның ерекшелігіне тоқталды.
«Бұл жобаның ерекшелігі мектеп оқушылары 10-11-сыныпта оқып жүріп-ақ колледждерге барып, қалаған мамандықтары бойынша кәсіби білім ала алады. Кәсіби білім алу мақсатында олар теориялық және тәжірибелік білім алды. Осылайша, оқушылар мектеп аттестатын алмай жатып, біліктілік туралы диплом алып отыр. Мектеп оқушылары 11-сыныптан кейін жоғары оқу орнына оқуға түспей қалған жағдайлар болады. Сол кезде олар кез келген жұмыс орнына толыққанды маман ретінде жұмысқа кіре алады. Осылайша, елімізде жұмыссыз жүрген жастардың саны азаяды», деді Н.Тоғайбаева.
Айта кетейік, диплом алып отырған мектеп оқушылары «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», сондай-ақ «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша білім алған.