Анатолий ТАРАСЕНКО,
облыстық украин қоғамдастығы кеңесінің төрағасы.
Мен Қазақстан Президенті сайлауының алдында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына да, сайлаудан кейінгі Елбасын ұлықтау рәсіміне де қатысу бақытына ие болдым. Ассамблея сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жасаған баяндама оның сайлауалды тұғырнамасы секілді болды. Онда еліміздің бақуаттылығын арттыру, әлемдегі мойыны озық отыз елдің қатарынан көріну үшін алда тұрған реформаторлық сипаты бар бес бағдарламаны айтты. Бұл қоғамды жаңғырту үшін революциялық бастама болатыны рас. Нұрсұлтан Әбішұлы 23 жыл бойы елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайын дамытып, қоғамды қалыптастырғанымызды, енді оны жаңа сападағы деңгейге көтеретінімізді халқының алдына міндет етіп қойды. Экономика дамымай қоғам да дамымайтыны рас. Оны Президент шағын және орта бизнесті дамытуға жүктеді. Сонымен қатар, қоғам әділдік салтанат құрғанда ғана жаңарады, жасанады. Ол сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауды, яғни билік саласына реформа жасауды талап етеді. Қара қылды қақ жаратын сот қызметін жолға қою да жұртшылық көңілінен шықты. Осы істерді жүзеге асыру оңай шаруа емес. Сондықтан Елбасының Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құру туралы шешімін мен өте құптаймын. Айтылған даналық сөзге әрекет болмаса, ол сөз күйінше қалады. Комиссия реформаларды жүзеге асыруға бірлігі мол Қазақстан халқын жұмылдыратын болады. Мен оның сәтті шығарына сенімдімін. Өйткені, Елбасының да, елінің де талай асудан өткен тәжірибесіне, ынтымағына сенемін.
ҚОСТАНАЙ.