Алматы қаласындағы Достық үйінде Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар аясында «Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен халықтар бірлігі» атты Қазақстан-Ресей конференциясы өтті.Конференция жұмысына Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Абзал Нүкенов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы Президентінің шет елдермен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Антон Рыбаков, Ресей Федерациясының Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттігі басшысы Григорий Гуров, екі елдің ғалымдары мен сарапшылары, сондай-ақ белсенді жастар қатысты. Конференция мерейтойлық атаулы күнге арналған Қазақстан мен Ресейдің бірлескен іс-шараларының бастауы болды, деп жазады Egemen.kz.
Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Абзал Нүкенов Қазақстан-Ресей конференциясының ашылу салтанатында қатысушыларды айтулы мерейтоймен құттықтап, тарихи естеліктерді сақтауда екі елдің өзара байланысының маңызын атап өтті.
«Алматыда өтіп жатқан «Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен халықтар бірлігі» конференциясы – елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған тағы бір қадам. Соғыс туралы естеліктер – біздің ортақ тарихымыз, келешектегі бірлескен ынтымақтастықтың негізі. Жеңістің 80 жылдығы аясында және жалпы алғанда, біз үшін білім беру, өзін-өзі дамыту, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды», деп атап өтті Абзал Нүкенов.
Ресей Федерациясы Президентінің шет елдермен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында А.Балаева мен Г.Гуров қол қойып, қабылдаған 2025 жылға арналған Ресей-Қазақстан арасындағы гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы іс-шаралар жоспарының маңызына айырықша тоқталып өтті. «Бұл – екі ел өкілдерінің ұзақ жылдардың бедерінде бірлесе жүргізіп келе жатқан, бірін-бірі толықтыратын тиімді жұмысының нәтижесі. Бұл жұмыс бүгін ғана басталған жоқ және ортақ мүдде Ресей мен Қазақтанның тәуелсіз дербес мемлекеттер ретіндегі достық қарым-қатынасының берік іргетасын қалыптастырып келеді. Іс-шаралардың бірлескен жоспарын қабылдау игі мақсатымызды жаңа сапалы деңгейге көтереді деп сеніммен айта аламыз», деп атап өтті А.Рыбаков. Ресейлік мейманның айтуынша, бұл қабылданған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру нәтижесі алдағы жылдарда оң бағдарымен айқындала түспек.
Ол сондай-ақ, Қазақстанның фашизммен күрестегі жеңіске қосқан үлесі туралы ойын тарқата келе, республикаға көшірілген кеңестік азаматтарды бауырына басқан қазақ халқының ізгілігі ешқашан ұмытылмайтынын тағы бір жадыда жаңғыртты. «Біздің отандастарымызды, аталарымыз бен әжелерімізді қабылдап, екінші Отан сыйлаған қазақстандық достарымыздың, алматылықтардың көрсеткен қонақжай кең пейілі үшін алғыс білдіреміз», деді А.Рыбаков.
Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттіктің басшысы Григорий Гуров Отан соғысы батырларын есте сақтаудың маңызы туралы әңгімеледі.
«Біз Қазақстанға екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықтың жалпы жоспарын қабылдау үшін келдік. Оның ауқымында алуан түрлі бағыттар қамтылған, соның ішінде, ерікті бағытта жұмыс істеу, жастармен жұмыстың біз үшін қашан да мәні жоғары. Ресейден соғыс қасіретін есте сақтау мен жеңіс төңірегінде ізденіп, зерттеп жүрген қоғамдастықтың мүшелерінен құралған үлкен делегация келді. Олар – Жеңіс еріктілері, мамыр мерекелері қарсаңында «қалай атап өтеміз, не жасалуы керек, екі елдің өскелең ұрпағы бұл Жеңістің маңызын қалай сақтай алады?» деген мәселені қазақстандық жастармен бірлесе талқылау ойда бар», дейді Г.Гуров.
Г.Гуровтың айтуынша, Ұлы Отан соғысындағы жеңіс те, оны есте сақтау да ресейліктер үшін мыңжылдықтарда маңызын жоймайтын қастерлі естелік. «Бұл, біріншіден, соғыс қасіреті ешқашан қайталанбас үшін керек. Екіншіден, Ресей жастары да, Қазақстан жастары да екі елді көп нәрсе байланыстыратынын түсінуі керек. Байланыстыратын жақсы дүние де, қара таңбалы оқиғалар да жетерлік, сыртқы қауіп-қатер алдында халықтардың бірігу мүмкіндігі – бұл маңызды іс. Сондықтан да кеңес одағын қорғай отырып қаза тапқан қазақ халқының өкілдерін біз ерекше құрметтейміз. Қазақ жерінде жасақталып, Мәскеуді қорғап, шейіт болған панфиловшылар соғысқан Мәскеу түбінде салтанатты іс-шаралардың бастау алатыны да тегіннен-тегін емес» деп толықтырды өз ойын Г.Гуров.
Жиында «Иә, бұл ұлы оқиғаның Қазақстан халқы үшін мәні ерекше. Өйткені бұл соғыс зардабы тимеген бірде-бір қазақстандық отбасы жоқ деуге болады. Жыл өткен сайын оның мәні мен маңызы арта түсуде. Себебі тікелей қатысқан ардагерлеріміздің, тыл еңбеккерлерінің және сол сұрапыл жылдардың куәгерлерінің қатары сиреп барады» деп сөз бастаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысушыларды келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді.
«Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты. Аға буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатыны сөзсіз. Бүгінде біз ұлтымыздың қаһарман ұл-қыздарының арқасында алаңсыз еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жарқын болашаққа қадам басып келеміз. Сол үшін оларға мәңгі қарыздармыз. Ешкім де ешқашан ұмытылмайды!» деген еді Президент.
Аида Балаева жүздеген миллион адамның ерен еңбегі мен жанқиярлығының нәтижесінде жеткен Жеңістің қазақ халқы үшін мәні тереңде жатқанын тарихшылар дерегіне сүйене отырып, тың мәліметтерді алға тартып, кең көлемді баяндамасына нақты мысалдарды арқау етті. Ерлері жеңіс жолында жан аямай ерлік көрсетіп, майдан үшін барын берген Қазақстанның сол зобалаң жылдары басынан өткерген саяси, экономикалық тауқыметі мен мәдени өрлеу кезеңін қатар алып саралады. «Жеңіс жолында барлығы – болат құюшыдан бастап есепшіге дейін, етікшіден мұғалімге дейін үлкен-кіші түгел талмай еңбек етті. Мәдениет саласы да ерекше рөл атқарды. Соғыс ауыртпалығы мен тапшылығы кезінде өнерге орын жоқтай көрінуі мүмкін еді. Бірақ олай болмады! Мемлекет тек қолдап қоймай, мәдениетті халық арасына таратуды мақсатты түрде жүргізді, оның пассионарлық қуатын Ұлы Жеңіске жетелейтін құрал ретінде шебер пайдаланды», деді Аида Балаева.
Конференция бағдарламасы үш панельдік сессиядан тұрды. Атап айтсақ, «Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен мәдениеттер арасындағы көпір», «Жеңіс естелігін сақтауға арналған жастар қозғалыстары» және «Ортақ тарихты нығайтуға бағытталған заманауи жобалар» секілді сессиялар екі ел мамандарын ортақ әңгіме төңірегіне тоғыстырды.
Атаулы мерейтой қарсаңында тараптар бірқатар жобаларды бірлесе атқаруды жоспарлап отыр. Атап айтсақ, алдағы уақытта түрлі акциялар, форумдар, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ.