Алматыда алдағы күндері, анығырағы 5-6 сәуір аралығында жауын-шашын болады деген болжам бар. Осыған байланысты қалалық Коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп жазады Egemen.kz.
Сонымен 5 сәуірдің таңынан 6 сәуір күні күн батқанға дейін 14 мм-ге дейін жауын-шашын, 15-20 м/с екпінді желмен бірге найзағай ойнап, таулы аймақта қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал.
Су тасу қаупінің алдын алу мен салдарын жою мақсатында коммуналдық қызметтің, құтқару қызметі мен ТЖД-ның барлық техникасы әзір. 4200 қап құм дайындалған.
Су басуы мүмкін учаскеде түнгі уақыттан бастап ассенизатор машинасы мен мотопомпа жабдықталған бригадалар кезекшілік атқарады.
Сонымен қатар, жауын-шашын кезеңінде жергілікті су басудың алдын алу және оларды жою үшін мотопомпалар мен арнайы құралдармен жабдықталған жедел бригадалар жұмыс істейді.