Аймақтар 04 Сәуір, 2025

Фосфоршылар мәдениет сарайы жаңадан бой көтереді

107 рет
көрсетілді

Шымкентте «Фосфоршылар мәдениет сарайы» қайта салынатын болады. Осыған орай ғимарат орналасқан жерде жаңа құрылыстың капсуласын салу рәсімі өтті. Оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, «Сәби» қайырымдылық қорының негізін қалаушылар – эколог Әсел Тасмағамбетова мен кәсіпкер Кеңес Рақышев қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Бұл мәдени орталық 1980 жылдан бастап халыққа қызмет көрсете бастаған. Алайда соңғы жылдары ғимарат қараусыз қалып, 2023 жылы коммуналдық мекеме өз меншігіне алады. Сарапшылар зерттеу жүргізе келе нысанды бұзу қажеттігін анықтады. Осыған байланысты Шымкент қаласы әкімдігі «Сәби» қорының қолдауымен сарайды бұзып, орнына жаңа мәдениет сарайын салу туралы шешім қабылдады.

Қала әкімі қатысушыларды маңызы зор құрылыстың басталуымен құттықтап, «Фосфоршылар мәдениет сарайы» ұзақ уақыт бойы қаланың мәдени орталығы болғанын атап өтті. Мамандар тарапынан жүргізілген зерттеу жұмыстары негізінде құрылысты қайта жаңғыртуға шешім қабылданып, бұл бастамаға «Сәби» қорының негізін қалаушылар қолдау көрсетті.

– Шымкенттің бай тарихы мен бірегей мәдени мұрасы бар. Қалада экономикалық өсімге, инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше назар аударылып, мегаполис жалпы барлық бағыттар бойынша қарқынды дамып келеді. Бұл нысанның құрылысы болашаққа жасалған маңызды инвестиция болмақ. Жаңа мәдениет сарайы қаланың дамуына серпін беретін жаңа мәдени орталыққа айналады, – деді Ғ.Сыздықбеков.

Жаңа мәдениет сарайы бірнеше бағытты қамтитын көп салалы орталық болмақ. Мұнда IT-хаб, креативті хаб және қоғамдық бастамалар хабы жұмыс істейді. Қала тұрғындары үшін креативті индустрия алаңдары, суретшілер шеберханасы, көрме залы, амфитеатр, коворкинг, кеңсе бөлмелері, форум алаңы, сән көрсетіліміне арналған трансформер-сахна, бизнес-инкубатор, фото және видеостудия, дыбыс жазу студиясы, подкаст алаңы, конференц-зал, сондай-ақ, экологиялық бастамалар мен ата-аналар клубтары секілді қалалық қауымдастықтардың филиалдары қолжетімді болады. Сондай-ақ, болашаққа қажетті дағдыларды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, IT-модельдеу және робототехника, тұрмыстық шаруашылық, 
руникалық жазу, домбыра тарту, шахмат, бассейн, үлкен теннис, футбол, күрес, көркем гимнастика, жаттығу залы мен би сабақтары ұйымдастырылады.


«Сәби» қорының тапсырысы бойынша жаңа мәдениет сарайының дизайны әзірленді. ЖобадаШымкентке тән тарихи және заманауи элементтер үйлестіріледі. Жаңғырту жоспарына сәйкес, нысан маңындағы аумақ та кешенді түрде абаттандырылады. Мұнда саябақ алаңдары, аллеялар, субұрқақтар және заманауи балалар алаңдары салынып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы кеңістік жасалады.