Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНДРА) 9,8 миллиард теңге сомасына жиынтық активтері бар микроқаржы ұйымының қызметіндегі бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атап айтқанда, ҚНДРА-да тіркелген 214 компанияның ішінде активтер көлемі бойынша 19-орында тұрған МҚҰ Express Авансқа қатысты айыппұл санкцияларын қолданған. Ұйым бухгалтерлік есепті жүргізу үшін белгіленген талаптарды бұзған, ол үшін 3,9 миллион теңге сомасында айыппұл салынған.
Бұған дейін, ҚНДРА жүргізген тергеу нәтижелері бойынша екі микроқаржы ұйымын микроқаржы қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданған болатын. Қазіргі уақытта өзара үлестес байланыстағы тағы төрт компанияға қатысты тексеру жалғасуда.
Тергеу нәтижесінде аталған алты компанияның барлығы бірыңғай құрылым ретінде әрекет еткені анықталды. Олар 200-ден астам қызметкер жұмыс істейтін жалпы үй-жайды пайдаланды, ал олардың қызметін шетелде жүрген адамдар басқарады.
Сонымен қатар, сот азаматтардың 130 кепілдік шартын жарамсыз деп тану туралы талаптарын қанағаттандырды. Бұл шешім клиенттерді қаржылық міндеттемелерді орындаудан босатқан, ал микроқаржы ұйымдары осындай шарттар бойынша алынған қаражатты қайтаруға міндетті.