5 сәуір күні Астанада өткен жекпе-жекте Жәнібек Әлімханұлы француз Анауэль Нгамиссенді бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, орта салмақтағы WBO және IBF титулдарын қорғап қалды.
Бұл кездесу Жәнібек үшін мансабындағы ең табысты жекпе-жек болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның кепілді гонорары 500 000 долларды құрады. Сонымен қатар, ақылы трансляцияның (PPV) сатылымы жоғары деңгейге жетсе, оған 3 миллион долларға дейін қосымша төлем уәде етілген.
Нгамиссен де жүлдесіз қалмады: ол Жәнібекпен жекпе-жекке шыққаны үшін 350 мың доллар көлемінде базалық гонорар алды. Егер PPV сатылымдары 700 мың доллардан асып кетсе, оның табысы 900 мың доллар немесе одан да көп болуы мүмкін.
Астанада өткен кештің андеркартында қазақстандық Батыр Жүкембаев, Балауса Мұздиман, Төрехан Сабырхан, Махмұд Сабырхан және Әлішер Абдулалим өз қарсыластарынан басым түсті. Алайда Ақниет Әлімбай чех боксшысы Йозеф Дубскийден жеңіліп қалды.