Әскер 08 Сәуір, 2025

Әскери міндетті өтеу – әр азаматтың борышы

54 рет
көрсетілді

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Әбдіғабит Шеге­баев Шымкентте көктемгі әскерге шақыру науқаны басталғанын хабарлады.

Шаһарда жігіттерді Отан алдындағы әскери міндетін өтеп қайтуға шақыру нау­қаны 1 наурыздан басталды. Осыған байланысты көктемнің алғашқы күнінен бастап 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органда­рында медициналық комиссиядан, пси­хо­логиялық тесттер мен жеке әңгімелесуден өтіп жатыр. Көктемгі әскери шақыру барысында Шымкенттің мыңнан аса азаматын сарбаздар сапына қосу көзделіп отыр.

Бірінші кезекте жауынгерлік мінде­тіне жаңа кіріскен жігіттермен Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті Шекара қызме­тінің, Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері толықтырылады. Содан кейін Қарулы күштердің, Төтенше жағ­дайлар министрлігінің және Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланның әскери бөлімдері жасақталады. Бүгінде мегаполистен жүзден аса азамат Отан алдындағы борышын өтеу үшін Шекара қызметіне аттанған. Олардың барлығы – шақыру комиссиясының отырысынан өтіп, оң қорытынды алғандар, яғни әскерге жарамды жандар.

Қорғаныс істері жөніндегі де­пар­таментінің бастығы, полковник Ә.Ше­гебаев әскерге шақыруды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратынын, ал шақыру комиссиясын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары басқаратынын атап өтті.

«Шақыру науқаны бекітілген кесте бойынша өтіп жатыр. Жігіттерді әс­керге бөлу тәртібі медициналық тексеру нәтижесіне, кәсіби-психологиялық шамасына, денсаулық жағдайы мен дайындық деңгейіне байланысты іске асырылады. Сонымен қатар еліміздің заңнамасына сәйкес әскери қызметін өтеп келген жас­тар жо­ғары оқу орнына құжат тапсырарда қосымша артықшылықтарға, соның ішінде білім беру гранттарына ие бола алады», деді департамент бастығы.

Сонымен қатар брифинг барысында полковник өткен жылдың қорытындысын жариялады. Соған сәйкес былтыр Шым­кенттен Қарулы күштерге және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға 2 мыңнан аса адам жіберілді. Департамент бастығының айтуынша, былтырғы әскерге шақыру науқаны жүз пайыздық межеден артық орындалған. Өз кезегінде полковник әскери қызметшілерге әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті. Бұл – қызмет барысында және запасқа шыққаннан кейін 60 күнге дейін несиелік демалыс; ҰБТ тапсырмай, жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі; жұмысшы мамандықтары бойынша мемлекеттік куәлік алу; запасқа шыққаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі.

Ә.Шегебаев өз сөзінде денсаулығы жарамды еліміздің әрбір азаматы заңға сәйкес Отан алдындағы әскери борышын міндетті түрде өтеп қайтуға тиіс екенін көпшілік ал­дында тағы бір мәрте еске салды.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс бойынша еш себепсіз әскери шақыру науқанына келмеген жандарға тиісті шара қолданылады, соның ішінде медициналық куәлан­дыру­дан жалтарғандарға ескерту немесе айып­пұлдар қарастырылған. Тіпті қылмыс­тық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда әскерден қа­шып жүрген азаматтар қоғамдық жұ­мыстарға тартылады немесе тіпті бас бос­тан­дығынан айырылуы да мүмкін», деді ол.

Сондай-ақ брифинг барысында сөз алған «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ Шымкент қаласы бойынша филиа­лының төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Онбаев қалада жұмыс іс­тей­тін әскери-патриоттық клубтарға орта білімі бар, арнайы оқудан өткен физи­калық дайындығы мықты жастар кө­бірек жазылып жатқанын және олар­дың саны жылдан-жылға көбейе бастаға­нын мақтанышпен жеткізді. Мә­селен, был­тырғы көктемгі-күзгі шақыру нау­қанында әскери-патриоттық клубтың 400-ден аса жас мүшесі әскер қатарына алынды.

«Қаламыздан әскерге аттанып жатқан жастарға айтарым, қазіргі таңда ұл­дары­мызға мемлекет тарапынан көптеген жақсы жағдай жасалған. Солардың ішін­де сарбаз мектебін көргендер біраз жеңілдікпен қамтылады. Атап айт­қанда, тамақтану, киім-кешек, жеке бас гигиенасы құралдары, ай сайынғы ақшалай төлем, медициналық қызмет, пошталық жөнелтулер жәрдемақысы. Сонымен қатар орта-техникалық немесе жоғары білімі бар әскери қызметшілер 6 ай міндетін өткергеннен кейін келісімшарт бойынша әскери қызметке араласуға құқылы», деді С.Оңбаев.

Шымкентте көктемгі әскери шақы­ру науқаны 30 маусымға дейін жалға­сады, барлық іс-шара еліміздің заңнамасына сәйкес қатаң түрде жүр­гізіледі. Шақыру қағаздары әскерге шақырылушыларға тұрғылықты немесе жұмыс орны бойын­ша, сондай-ақ 1414 сервисінен SMS-хабарламалар арқылы жеткізіледі. Әскери қызметті кейінге қалдыруды немесе одан босатуды жергілікті атқарушы органдар арқылы не электрондық үкімет порталында ресімдеуге болады.

Кейінге қалдыру үдерісі бүгінде толы­ғымен автоматтандырылған. Бұ­рын қағаз анықтамаларды ұсыну талап етілсе, енді студенттер туралы мәлі­меттер Қорғаныс министрлігінің ақпа­раттық жүйесіне тікелей Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің базалары арқылы таратылады. Ал шетелде оқитын азаматтар электрондық үкімет порталының көмегіне сүйеніп студент ретінде онлайн тіркеле алады.

 

ШЫМКЕНТ