Аймақтар 08 Сәуір, 2025

Алматыда су мен жылуды тұтынудың әлеуметтік нормалары енгізіледі

65 рет
көрсетілді

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қалалық департаментінің табиғи монополиялар мен бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Ардақ Жаңабаева су мен жылуды үнемдеуге үйретудің жаңа шаралары – тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу жобасын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

 «Су ресурстарын тұтыну мәдениетін арттыру, тұтынушыларды су мен жылуды үнемдеуге ынталандыру үшін табиғи монополиялар туралы заңнамаға «тұтынудың әлеуметтік нормалары» ұғымы енгізілді. Бұл «неғұрлым көп үнемдесеңіз, соғұрлым аз төлейсіз» қағидаты бойынша сумен, жылумен жабдықтау қызметтерін тұтыну көлеміне байланысты жоғары тарифтерді белгілеуге бағытталған», дейді маман.

Ардақ Жаңабаеваның айтуынша, сумен жабдықтауда тарифтердің төрт деңгейлі жүйесі қолданылады: 3 м³ дейін – қолданыстағы тариф; 3-тен 5 м³ дейін – +20%; 5-тен 10 м³  дейін – +50%; 10 м³ жоғары және есептегіш болмаған жағдайда – қос тариф есептелінеді.

Жылыту нормалары тұрғын үйдің ауданы бойынша есептеледі: 100 м² дейін – бекітілген тариф; 100-ден 200 м² дейін – +10%; 200 м² жоғары– орташа тариф.

Сарапшы сараланған тарифтерден түсетін қосымша қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту ісіне жұмсалатынын айтады. Атап айтқанда, инженерлік желілер жаңартылып, ресурс үнемдейтін технологиялар енгізіледі және есептеу құрылғылары орнатылады.

Қазіргі таңда инвестициялық бағдарламаларды өзгерту үшін «Алматы Су» (3,3 млрд теңге) мен «Алматы жылу жүйесінің» (83 млн теңге) өтініштері қаралып жатыр.

«Бұл шаралар инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, тұрғын үй көмегі есебінен мұқтажотбасыларды атаулы түрде қолдауға мүмкіндік береді», дейді А.Жаңабаева.