Шымкент 09 Сәуір, 2025

Судан шыққан шу

63 рет
көрсетілді

Қала әкімдігі біраздан бері «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-мен соттасып келген еді. Аталған мекеме қаланы сумен қамтамасыз етеді. Әкімдік су стратегиялық нысан, сон­дықтан мемлекет меншігінде болу керек деген уәжбен сотқа талап-арыз түсірген. Бұған серіктестік келіспей отыр.

Жақында Шымкент қалалық маман­дан­­дырылған эко­номи­калық соты судың қайнар көздері мен сумен жабдықтау кешенін мемлекетке қайтару жөнінде жергілікті әкімдіктің талап-арызын қанағаттандырды. Сот шешімінде мекеме нысандарды жекешендіруге алған кезде тиісті заңдардың өрескел бұзылғандығы айтылған. Атап айтқанда, 4 су жинағышын жеке­­шелендіру жөніндегі хатта­малар заңсыз деп танылды. Олар – Ақбай-Қарасу, Бадам-Сай­рам, Қызылсай, Тассай су жинақтағыштары. Сондай-ақ сот «Уни­кансервиске» қарасты су та­залау кешенін, «Трансвик» құра­мындағы автокөлік цехын да заңсыз жекешелендірген деп тапты.

«Қала әкімдігі су көздерінің стратегиялық нысан екенін үнемі айтып келеді. Су көздері мен сумен жабдықтау кешендері ком­муналдық меншікке өткен соң, мемлекеттің мүлкі ретін­де қала береді. Оны қайта жекеше­лендіруге ешкімнің құқы жоқ. Соттың шығарған шешімі – әді­лет­тіліктің салтанат құрғаны», деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС нысандары су құбыры және кәріз жүйесі басқар­масы коммуналдық меке­месіне тапсырылады. Кезінде «Су ресурс­тары-Маркетинг» Еуропа қайта құру және даму банкінен көлемді несие алған. Бірақ оны жабу қазір тариф есебінен жүргізіліп жатыр. Сон­дықтан ертеңгі күні бюджетке ешқандай қосымша салмақ түс­пейді. Керісінше, әкімдік алдағы уақытта ауыз су тарифін төмендетуге қатысты іс бастамақ.

С.Құранбек мегаполистегі су құбырлары 56,5% тозғанын мәлім етті. 2022 жылы бұл көр­сеткіш 46,9%-ды көрсетсе, 2023 жылы қо­сымша 10,7%-ға бір-ақ өсіп, бүгінгі таңда тозу деңгейі 56%-дан асып отыр. Негізінде, құбырлардың ескіруі 50%-дан аспауы керек. Бұл «жасыл аймақ» болып саналады. Сонымен бірге жыл сайын құ­бырлар 2–3% ша­масында тозуы керек. Шым­кентте ол 10%-дан көп. Әкім орын­басарының сөзінше, «Су ре­сурстары-Маркетинг» жылына 2–3% ғана құбыр ауыстырады. Бұл қарқынмен су жүйесін жаңалап болғанша құбырдың бәрі тозып бітеді. Сондықтан қала әкімдігінің өкілі жергілікті атқарушы билік су жүйелерін жаңарту жұмыстарына да барынша кірісетінін атап өтті. С.Құранбек мәлімдегендей, «Су ресурстары-Маркетинг» компаниясына 1929 шақырым ауызсу құбыры тиесілі болса, жоға­рыда аталған коммуналдық кәсіп­орын иелігіне қарасты ауызсу құ­быры 5080 шақырымды құ­райды. Мемлекет меншігіндегі құбыр­лардың тозу көрсеткіші – бар-жоғы 4,9%.

«Су ресурстары-Маркетинг» болса әлі соттың шешімін ал­мағанын айтады. Сондықтан мекеме басшылығы сот шешіміне қа­тысты ресми түрде пікір біл­дір­­меді. Дегенмен әңгіме ба­ры­сында мекеме өкілдері мега­­полистегі су құбырлары өткен ға­сыр­дың 60–70-жылдары жүр­гізілгенін, компания осы күнге дейін соның 60%-ға жуығын ауыстырғанын жеткізді. Олардың айтуынша, кеңес дәуірінен қалған ескі құбырлардың жартысынан көбін жаңалау – көп сумен жабдықтаушы ұйымдардың қо­лынан келмеген іс.

Жалпы, «Су ресурстары-Мар­кетинг» ЖШС – халықты сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, кәріз жүйе­сіндегі шайынды суларды тазартып, оны егін шаруашылығына жарамды етіп әрі қалдық сулардан электр энергиясын өндіріп отыр­ған мекеме. Кәріз суларын тазалау кешенінен тараған иіс бұрын төңіректегі ауыл-аймақтың құтын қашыратын. Қазір заманауи әдіс пен технологияның нәти­жесінде кешеннің өзінде қол­қаны қабатын иіс жойылған. Су мәселесінде халыққа сапалы қызмет көрсетіп отырған осынау мекеменің жүйелі жұмысына коммуналдық салаға жауапты министрлік те қызығушылығын танытқан еді. Осыған орай жуыр­да арнайы сарапшылар келіп, компания жұмысымен танысып кетті. Ондағы мақсат – еліміздегі коммуналдық жаңғырту бағдар­ламасына «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ны үлгі ретінде алу. «Міне, осындай табыс тауып әрі халықты ауызсумен қамтып отырған мекеме ертеңгі күні ком­му­налдық басқаруға берілсе, бү­гінгідей сапалы да жүйелі қыз­ме­тін жал­ғастыра ала ма?» деген сауал көптің көкейінде жүр­гені анық.

Бір алаңдататыны, мегапо­листегі коммуналдық кәсіп­орындардың ішінде жемқор­лыққа жол беріп отырғандары да жоқ емес. Мәселен, қаланы жылумен қамтамасыз етуші сондай бір мекеме басшысы өткен жылы мемлекеттің миллиардтаған ақ­шасын жымқырғаны үшін істі болған еді. Қоғамдағы көп саланың жұмысын тұралатып тұрған жегі­құрт жемқорлық тәуекелдерін де қаперден шы­ғармаған жөн болар. Қалай дегенмен, Шымкенттей ірі шаһардың стратегиялық маңызды саласына қатысты шешім жүре қабылдануға тиіс емес.

 

ШЫМКЕНТ