Қазіргі уақытта резерват аумағында маңызды агротехникалық кезең – отырғызу материалын дайындалған жер телімдеріне көшіру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысының елімізді жаппай көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы аясында 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл игі бастамаға «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты өз үлесін қосуда.
- Біз жыл сайын 12 миллионнан астам кәдімгі қарағай көшетін отырғызамыз. Биылғы жылы да бұл жұмыс қарқынды жалғасуда. Екі жылдық көшеттерді қазып алу - орманды қалпына келтіру шараларының ең жауапты сәттерінің бірі. Көшеттер берік тамыр жүйесімен, сапасына қарай іріктеледі. Одан соң жазық учаскелерде механикаландырылған әдіс қолданылады. Бұл еңбек өнімділігін арттырады. Техниканың кіруі қиын жерлерде қолмен отырғызылады. Көшет тамырлары тік орналасып, топырақ мықтап тығыздалады. Қазақ орман орналастыру кәсіпорынының жобасына сәйкес, «Ертіс орманы» резерватында ағаш отырғызу көлемі 2114,5 гектарды құрауы тиіс еді. Дегенмен, 2024 жылы бекітілген «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес, бұл көлем 2500 гектарға дейін ұлғайтылды,-деп хабарлады резерваттың баспасөз қызметінен.
Бұған қоса Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қолдауымен «Ертіс орманы» заманауи өрт сөндіру жабдықтарымен толық жарақталған арнайы техникалармен қамтамасыз етіліп жатыр. Жуықта автопарк 34 бірлік шағын өрт сөндіру кешендерімен және 15 трактормен толықты. Бұл техникалар орман өрттерінің алдын алу, патрульдік бақылау, мониторинг жүргізу және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету жұмыстарын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Биыл қосымша 34 бірлік АЦ-3 маркалы өрт сөндіру машиналарын сатып алу жоспарланған.
Павлодар облысы