Инфографика 15 Сәуір, 2025

Жылыту маусымы жүйелі жүруге тиіс

0 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде энергетика саласын дамытуға бағытталған іс-шаралары жүзеге асырылып келеді. Аталған тапсырманы орындау аясында 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезең аяқталды, сондай-ақ инфрақұрылымды ауқымды жаңартуға және «жасыл» энергетиканы дамытуға дайындық жұмыстары басталды.

Күзгі-қысқы маусымның жылумен қамтуда іркіліссіз өтуі Үкімет қабылдаған шешімдердің тиімділігін көрсетті. Ауқымды дайындық жұмыстары жүргізіл­ді: 10 энергия блогіне, 55 қазан­дыққа және 45 турбинаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ЖЭО мен жылу желілеріндегі жоғары тозуды азайту үдерісін бастауға мүмкіндік берді.

Қабылданған іс-шаралар электр стансаларындағы тех­ноло­гия­лық ақаулар санын 27%-ға (1 070-тен 782-ке дейін), ал темпе­рату­ралық кестені сақтамау жағ­дай­ларын 67%-ға (215-тен 65-ке дейін) төмендетуге мүмкіндік берді.

Маңызды жетістік ретін­де 12 ЖЭО жағдайының жақ­са­руын атап өтуге болады: оның 9-ы «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, ал үшеуі «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа өтті. Нәтижесінде, «қызыл» аймақта 10 ЖЭО (бұрын 19), «сары» аймақта 17 ЖЭО (бұрын 11), «жасыл» ай­мақта 10 ЖЭО (бұрын 7) қалды. Көр­сеткіштерін жақсартқан­дар қатарында Екібастұз, Өскемен, Жезқазған, Балқаш, Атырау, Рид­дер, Кентау және басқа да стансалар бар. Айрықша назар «МАЭК» ЖШС, Ақтау жылу желілеріне және Степногорск, Теміртау ЖЭО жұмысына аударылды.

2024 жылы Екібастұз 1-ГРЭС-ті қалпына келтірген блогін (500 МВт), Атырау ЖЭО жаңа турбинасын (65 МВт) және Жезқазғандағы (+43 МВт) жаңартылған қазан­дықты қоса алғанда, 771 МВт жаңа қуат енгізілді. Сондай-ақ жалпы қуа­ты 163,35 Мвт болатын жаңар­ты­латын энергия көздері бойынша жобалар іске қосылды.

Энергетика министрлігі электр энергиясы үшін шекті тарифтерді қайта қарады, электр қуаты нарығындағы шекті тариф арттырылды, қайтарыла­тын инвестициялардың жыл­дық лимиті ұлғайтылды. 2024 жылы қабылданған іс-шара­лар жөндеуді қаржыландыру­ды былтырғы деңгеймен салыстырғанда 44%-ға ұлғай­тып, 327 млрд теңгеге жеткізуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар келесі жылыту маусымына дайындық бас­талып кетті. Аталған жұмыс­тар аясында 10 энергетикалық блок, 63 қазандық және 39 турбинаны жөндеу жұмыстары жоспарланған, кейбір жұмыстар қазірдің өзінде жүріп жатыр. Орталықтандырылған жылумен қамту аймағындағы 66 жылу орталығында 53 қазандықты жөндеу және реконструкциялау жоспарланған.

Күн жылынған соң 17 мың шақырым электр желісі мен 323 шақырым жылу құбырын жаңарту жұмыстары басталады.

Ұлттық энергетиканы жаң­ғырту ұлттық жобасы аясында жалпы бюджеті 4 трлн теңге бола­тын 77,5 мың шақырым электр желілері мен 1,6 мың шақы­рым жылу желілері жаңар­тылады. 2029 жылға дейін бұл электр желілерінің тозуын 45%-ға, жылу желілерінің тозуын 42%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Генерация саласында 7,3 ГВт жаңа қуат енгізу, оның ішінде қол­даныстағы стансаларды жаңарту және жаңа стансалар салу жос­парланып отыр. 2029 жылға дейін 29 жобаны аяқтау жоспарланған, бұл электр стансаларының орташа тозуын 40%-ға дейін төмен­детуге мүмкіндік береді.

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту да басым бағыт болып қала береді: 2024 жылы 153 нысан 7,58 млрд кВт·сағ немесе жалпы өндірістің 6,43%-ы өндірді. 8 жаңа станса (163,35 МВт) іске қосылды, ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 9 ЖЭК жобасы (455,5 МВт) іске қосылады. Қазірдің өзінде биылғы ақпанда Қарағанды облысында «Гиперборея» ЖШС-мен қуаты 50 МВт жел электр стансасы іске қосылды.