Аймақтар 15 Сәуір, 2025

Алтайда алты ГЭС салынады

0 рет
көрсетілді

Бұқтырманың арнасы алдағы уақытта қуат көзіне айналуы әбден мүмкін. Шығыс Қазақстанда 2030 жылға дейін алты бірдей шағын гидроэлектростанция салу жоспарда тұр. Бұл туралы ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

– Марқакөл, Катонқарағай, Зайсан және Алтай аудандарында қуаты 93,3 мегаватт болатын алты ГЭС бой көтереді. Нысандарды іске қосу 2027 мен 2030 жылдар аралығында жоспарланған, – деді басқарма басшысы.

Гидроэлектростанциялар қайда орналасады деген сауалға да жіліктеп жауап берген: Катонқарағай ауданында қуаты 1,4 МВт болатын ГЭС-ті «Европа Солар» компаниясы 2027 жылы пайдалануға береді. Алтай ауданында Бұқтырма өзенінде қуаты 50 МВт-тық стансаны «Тұрғұсын-2» ЖШС 2029 жылы іске қосуды жоспарлап отыр. Зайсан ауданында Үйдене мен Жеменей өзендерінде қуаты 4,5 және 2,4 МВт болатын екі ГЭС-ті «FTR-GREEN-LTD» ЖШС 2030 жылы қосады. Ал Марқакөл ауданындағы Қалжыр өзенінде жалпы қуаты 35 МВт болатын екі ГЭС-ті «KALZHYR RIVER ENERGY» және «Қалжыргидро» ЖШС 2030 жылы іске қоспақ.

Айта кетейік, бұл жобалар Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі ұйымдастырған аукциондық сауда арқылы іріктелген.

Сала мамандарының сөзінше, жаңа гидроэлектростанциялар өңірдегі энергетикалық инфрақұрылымды жаңартып, электр қуатының сапасы мен қолжетімділігін арттырады.