Әлемге әйгілі Нобель сыйлығы математиктерге берілмейтінін жақсы білеміз. Бірақ үздік математиктерге Нобельге пара-пар Абель марапаты табысталады. Атауының да ұйқаса кеткенін қарасаңызшы? Бұл сыйлық 2002 жылы Норвегия үкіметі тарапынан математик Нильс Хенрик Абельдің 200 жылдығына орай тағайындалған. Жүлде қоры — 7,5 миллион крон, шамамен 710 мың доллар.

Норвегия ғылым академиясы биылғы Абель сыйлығын Киото университетінің математигі Масаки Касивара иеленетінін жариялады. Сыйлық 78 жастағы ғалымның алгебралық талдау мен бейнелеу теориясына қосқан іргелі үлесі үшін беріліп отыр. Әсіресе оның D-модульдер теориясын дамытуы мен кристалдық базистерді ашуы ғылымда жоғары бағаланды. Бұл – аталған сыйлықтың тарихында жапон өкіліне алғаш рет берілуі. Масаки Касивара заманауи математиканың дамуына зор үлес қосты. 1980 жылдары ол ғасыр басынан бері шешілмей келген «Риман–Гильберт есебін» жаңаша әдіспен шешкен еді.
Математиктерге 1924 жылдан бері Филдс сыйлығы да беріледі. Ол алгебралық функциялар ілімінің негізін қалаушы канадалық ғалым Джон Чарльз Филдстің құрметіне орай белгіленген.