Мереке 16 Сәуір, 2025

Швециядағы Наурыз шуағы

0 рет
көрсетілді

Өткен сенбіде Швеция астанасы Стокгольм қаласында Наурыз мерекесі тойланды. Әлемнің түрлі елдерінен келген 100-ден аса қонақ қазақтың бай дәстүріне құрмет көрсетіп, мәдениеттер арасындағы бірліктің маңызды екенін байқатты.

Іс-шараны Қазақстанның «Дос­тар» қауымдастығы, Швециядағы Қазақ мәдени орталығы және Қазақ­станның Швеция Корольдігіндегі елшілігі бірлесіп ұйымдастырды.

«Наурыз – шекаралармен шектелмейтін, адамдарды жаңа­ру, үміт пен бірлік рухында бірік­тіретін мереке. Бұл – кешірім мен татуласу күні, қуанышпен бөлісіп, бір-бірімізбен байланысымызды нығайтатын күн», деп атап өтті Қазақстанның Швеция Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Олжас Сүлейменов.

Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, наурызкөже, ашық отта дайындалған палау, шығыс тәттілері мен шайдан ауыз тиді. Домбыра мен қобыздан күй төгіліп, «Қамажай» мен «Қара жорға» биі мерекенің шырайын кіргізіп, қонақтардың көңілін серпілтті.

Мерекеге ерекше сән берген сәттердің бірі Димаш Құдай­бергеннің жанкүйерлер клубының өнері болды. Олар қазақ тілінде швед халық әнін және швед тілін­де Абайдың «Жазғытұрым» өлеңін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қа­тар тоғызқұмалақ ойыны, көктем тақырыбындағы сурет салу, караоке мен «тілек қабырғасына» жазылған құттықтаулар мерекенің мазмұнын арттырды. Ұлттық киімдер мен қазақ мәдениетінің элементтері қойылған фотоаймақ жарқын сәттерді суретке түсіруге таптырмас орын болды.

«Достар» қауымдастығының төрағасы Спартак Зикрин бұл оқиғаның маңызын ерекше атап өтті.

«Біз үшін Наурыз – жай ғана көктем мерекесі емес, бұл ұлттық дәстүрлерімізді сақтап, келесі ұр­паққа жеткізуге, мәдени диалог алмасуға мүмкіндік берудің жолы. Қалың көпшіліктің қатысқаны бізді қуантады. Осында жиналған бәрімізді Қазақстан мәдениетіне деген құрмет пен қызығушылық біріктіреді», деді ол.