• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2015

Баукеңмен бірге соғысқан...

458 рет
көрсетілді

«Тұлғалы адам тау сияқты, алыстаған сайын биіктей береді» деген сөз бар ғой. Бірақ арамызда жүргенде-ақ өз биігінен бір сүйем де аласармаған бір адам бар. Ол батыр Баукең, көзінің тірі­- сін­де-ақ аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы. Батыр дегенде, ең алдымен, есіңе түсетін Бөгенбай, Қабанбай бабаларымызды біз көре алмадық, әрине. Бірақ біздің ұрпаққа солардың сарқытындай, өздері болмаса да көздеріндей болған Бауыржан, Мәлік сияқты қаһармандарды көруді жазыпты. Солардың соңғы тұяғындай болып жуырда ғана Талғат Бигелдинов те кетті дүниеден. Қазіргі жүрген біраз жазушы, журналистер Мәлік Ғабдуллин ағамыздың алдын көріп, дәріс те алдық. Кеудесінде Алтын Жұлдызы жарқырап отырып ауыз әдебиетінен дәріс беретін. Ал батыр Баукеңді кейбір бас қосуларда сыртынан көз салып, қызыға қарағаным болмаса өз басым алдында бола алмаппын. Бұл ретте ол кісіге тікелей жолығып, сұхбат алған Жанболат Аупбаев досымның жолы жүдә болған енді. – Әй, – дейді Баукең қабылдауын сұрап қоңырау соққан Жанболатқа, – сен осы менен қанша шақырым жерде тұрсың? – Бір шақырымдай жерде... – Онда жеті минут саған жетеді. А ну-ка, бегом марш! Өзі де киіктің асығындай Аупбаев асфальтқа түсіп алып, екі етегі далақтап аңыратқан ғой. «Бұл – ойын емес, бұл – тәртіп, бұл – бұйрық» деген сөздер санамда жарқ-жұрқ ойнайды» деп жазды өзі кейін. Иә, көзінің тірісінде-ақ батыр ағамыз жөнінде аңызға бергісіз небір әңгімелер айтылғаны рас. Сол кезде Әзілхан Нұршайықов ағамыздың «Аңыз бен ақиқат» деген кітабы шығып, батыр туралы шындыққа сусап отырған халықтың сусынын бір қандырғаны бар. Тегінде журналистің ойы ұшқыр ғой. Жүгіріп келе жатқан Жанболаттың ойы да шындықтың шеңберіне дөп түскен. Батыр ағамыз жасанды қылық, жадағай тірлікке ешуақытта бармаған. Жетелі жанға ол кісінің әр сөзі, әр қимылы телегей-теңіз тәлім мен тәрбиеге толы болған. Соның бір тамшысын да қалдырмай жинап, тарихымыздың тәлімі зор, берері мол алтын тостағанының бірі етіп толтырып қою бізге парыз, ұрпаққа үлгі, ағайын! Соның бір парасы ретінде Баукеңнің бір ауыз сөзі шамшырақтай жарқырап, бүкіл өмірін нұрландырған Нұрлыбай Қасымбеков жайлы айтып берсем деймін. Оңтүстік өңірде екеуі екі облысқа қараса да, еншісі бөлінбеген егіз екі аудан бар. Оның бірі кешегі Баукеңнен бастап бүгінгі Бақытжанға (Ертаевты айтамын) дейінгі батырларды дүниеге әкелген қырандар ұясы Жуалы да, екіншісі, Тұрардың елі Түлкібас. Біздің кейіпкеріміз осы Түлкібастың тумасы. Күні кеше ғана Елбасымыз еске салғандай, қазақтай қасіретті көп көрген ел некен-саяқ. Нұрлыбай ағамыз кезекті бір ашаршылық жайлаған ауыр кезеңде 1922 жылы дүние есігін ашып, жас­тай жетім қалған. Нұрлыбай мен қарындасы Баянның бар болашағы енді отызға жетпей жетім қалған аналары Рәзияның қолында болады. Асыл ана балапандарын ашаршылық деген әп жыланның аузына түсірмей, бір дән болса да ауыздарына салып, аман-есен жеткізеді. Түлкібастың бір боранды бекетінде туып-өскен балаң жігіттің бар арманы машинист болып, анасы мен қарындасын жоқшылықтан құтқару еді. Сол арманын арқалап мектеп бітірісімен Алматыға келіп теміржол техникумына түседі. Алайда, ұзамай адамзат баласы басынан кешкен ең бір сұрапыл соғыс басталып, арманының тас-талқаны шығады. Ол алғашқылардың бірі болып әскерге алынып, Петропавл қаласына келеді. Бір жыл болса да техникумда оқығаны бар, соны ескерді ме екен, мұны осында ұшақтарды күтіп баптайтын әуежайға жібереді. Ал мұның есіл-дерті қатарынан қалмай майданға жетіп, қанқұйлы жаумен бетпе-бет айқасу еді. Соғыс енді басталған аласапыран кез, сондай бір түйінді жәйт дұрыс тарқатылмай қалды ма екен, бұларды күтпеген жерден көп ұзамай елге қайтарады. Анасы мен қарындасының қуанышында шек жоқ. Ал бұл болса соқталдай болып соғысқа жете алмай қайтып келгеніне сондай бір ыңғайсыз күй кешіп, қатты жабырқаулы. Қойшы, әйтеуір, «Майданға жіберіңіз» деп дігерлеп военкомның есігін тоздырып бақты. Ақыры көптен күткен шақыру қағаз да келді бір күні. Бұл жолы Қазалы қаласына әкеліп, үш айдай дайындап, ақыры алғы шепке әкеліп бір-ақ шығарды. Міне, оның сол кезде-ақ аты шыққан Баукеңмен жолы түйісетіні осы кез. Атақты Мәскеу үшін шайқаста жеңіске жетіп, алайда, шебі селдіреп қалған 8-гвардиялық дивизияның Бауыржан Момышұлы басқара­тын 19-полкінің бұлар келіп қатарын толық­тырды. Жүйрік аттай жарау, сымдай тартылған сымбатты, әскери өмірдің қаталдығы мен қайсарлығының қазанында әбден қайнап, шарболаттай шыңдалған командиріне бұл күн сайын сүйсіне қарайтын. Алайда, оның сұстылығы сондай, бір ауыз тілдесуге көпке дейін дәті бармады. Бір күні оның да реті келді-ау ақыры. Бұл кәдімгі ауылдағыдай «Ассалаумағалейкүм, Бауке!» деп сәндеп тұрып сәлем береді. – Кімсің? – дейді батыр бұған шаншыла қарап. Бұл жөнін айтады. Баукең болса сол сұсты қалпы: – «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген мәтелді білесің бе? – дейді. – Білемін, Бауке. – Онда намысыңды еш уақытта қолдан берме, понятно тебе! Батырдың осы сөзі мұның жетесіне жетіп, жүрегінде жатталып қалды. Тіпті қалған бүкіл ғұмырына бағдар беріп, сәуле түсіріп тұрды десек дұрыс болар. Бәрінен де бұрын сөз құдіретін қапысыз түсінген сол кездегі науша жігіт Нұрекеңнің өзінің көкірегі ояу, көңіл көзінің ашық болғанын айтсаңызшы. Түлкібас пен Жуалының жайын жоғарыда айттық. Демек, ол екеуі нағыз жерлестер. Сол жерде Баукең: «Ойбұй, бауырым-ай, жерлесім екенсің ғой. Жау бетіне басқалар бара жатар, сен анда барып жан сақтай тұр» деп Нұрекеңнің қолына шөміш беріп, ас-су жаққа қарай жөн сілтеп, алғы шептен шеттетіп жіберсе ешкім оған қой демес еді. Өз кезегінде Нұрлыбай әкеміз де ондай қыңқыл білдірмеген. Қайта батыр ағасының әлгі сөзін арқаланып, жаумен жан аямай жағаласумен болған. Көп ұрыстың бірінде жау оғының таңдауы осыған түсті ме, әлде жау мергенінің көзіне түсіп, сұғы өтті ме, әйтеуір, нақ басынан жараланып, дала госпиталіне түседі. Есін жиғанда командирінің «Намысыңды қолдан берме!» деген қатқыл сөзі құлағында қайталана жаңғырып тұр еді. Жарасы қарақотырланып біте салысымен өз полкіне қайта келіп, енді тіпті, есесі кеткендей екілене соғысады. Ең бастысы жерлесінің алдында осалдық танытқан жері жоқ. Ол болса мұның жанынан өтіп бара жатқанда қыран қабағы сәл жазылып, болар-болмас бір жылылықтың ұшқыны жылт еткендей болады. Мұның жанын жадыратып, жігерін жануға сол жетіп жатыр. Сөйтіп жүргенде екінші рет жараланды. Мина жарықшағы жамбас етін жұлып кетіпті. Әйтеуір, сүйегі аман сияқты. Бұл – 1944 жыл. Жеңістің желі кеудені ұрып, соғыстың беті белгілі болып қалған кез. Ел басшылары енді болашаққа көз сала бастаса керек, жүрегінде жалыны, көзінде оты бар мұны жарақаты жазылған соң Камышинск деген қалаға жаяу әскер училищесіне оқуға жібереді. Оны бітіргенше, күндей күркіреп барып соғыс та аяқталып, офицер шеніндегі Нұрлыбай Қасымбеков 1946 жылы аман-есен еліне оралады. Қолындағы анасы мен қарындасын ескеріп, мұны әскери қызметтен қалдырады. Енді бейбіт өмірге бейімделу керек. Соғыстан кейінгі жоқшылық жайлаған жүдеу өмір. Аты бейбіт болғанымен, тіршілік үшін күрестен мүлт кетсең құрдымға құлағаның. Баукең айтқан мәтелді өміріне азық, тірлігіне қазық қылған Нұрекең бұл күресте де жеңімпаз атанғанына дау жоқ. Бір айырмашылығы өмір майданында енді олар екеу болып күресті. Көрші Күмісбастау ауылының Болай деген қызы бұған адал жар ғана емес, сенімді серігі де болды. Ол да текті жердің қызы. Қазақы жөнмен айтсақ, елі Шілменбет. Баяғы ұлы Мұхтардың туындысы «Қараш-Қараш оқиғасындағы» Тұрардың әкесі Рысқұл шыққан Тау Шілменбеттер бар емес пе. Бұл да сол Шілменбет. Тіпті, Болай шешеміздің ертеректе болыс болған бір атасының аты да Рысқұлбек. Бір айта кетерлігі, Нұрекеңнің арғы аталары шанышқылы Бердіқожа батырдың сүйегі мен туып өскен Шет ауданының Семей жақ бетінде жатыр. Белгілі тарихшы-қаламгер Мұхтар Мағауин мен ақын Несіпбек Айтұлы бастаған Арқаның азаматтары жау қолынан қапылыста қаза тапқан батырдың сүйегін қазып алып, ақ жауып арулап, құран бағыштап қойғалы да біраз жыл. Ал жетінші атасы Қаременде батыр да қалмақтарға қарсы мыңды басқарып келіп Қарқаралы маңайында қаһармандықпен қаза тауыпты. Жат жұрттық жаудан елді қорғаймын деп жүріп мерт болған. Әрдайым есімізде жүруге тиіс елдік те, ерлік те қасиет бұл. Бұлардың танысып, үйленуі де бөлекше. Сол кездегі дәстүр бойынша Болай соғыста жүрген Нұрлыбай деген жауынгерге хат жазып тұрады. Ойы қан майданда жүрген жерлесіне рух беріп, елдің хабарын жеткізіп тұру. Алайда, қарлығаштай қалықтап елден жетіп тұрған ол үшбу хаттардың жырақта жүрген жауынгердің жүрегіне ұя салып қойғанын ауылдағы ару білген де жоқ еді. Сезімге берік Нұрлыбай болса майданнан қайтсымен ұзатпай-ақ ол қызды тауып алып, бірін бірі шын ұнатып, ортақ шаңырақ құрады. Текті жердің қызы Рәзия әжеміздің шаңырағына құт болып кіріп, бірінен бірі өткен он немере сүйдіреді. Татулықтың арқасында екеуі талай асудан асты. Екеуі де Абайыл аулындағы мектепте қырық жыл бойы ұстаз болды. Жалпы, Түлкібас кезінде оңтүстіктегі басқа ұлты басым аудан болған ғой. Абайыл да сондай. Іс қағазының бәрі орысша. Ондайда бүкіл ауылдың қазағы Нұрлыбайға келеді. Үйі тірелген кітап, білмейтіні жоқ. Бірақ аспайды да, саспайды. Қашан көрсең жібектей есілген қалпы. Жұмысына да қылап. «Қазақстанның халыққа білім беру ісінің үздігі» атағы тегін берілмесе керек. Баукеңнің сапында соғысқан Нұрлыбай Қасымбеков ақсақал аузы уәлі, айтқаны дуалы елдің қасиетті қариясы болып 84 жасында бақилық болды. Өзі қырық жыл ұстаздық етіп, басшы болған Абайыл ауылының мектебі бүгінде сол кісінің атында. Бір қызығы, Нұрекеңнің туған күні де 9 Май. Жеңіс күні қарт майдангер омырауы алтынға малып алғандай орден, медальға толып шыға келгенде оған сүйсініп қарамайтын жан қалмайтын. Әсіресе, шәкірттерінің қызыға қарағанын көрсеңіз. Халық арасында «жеңістің авторы» атанып кеткен сол кездегі ортақ мемлекетіміздің бас маршалы Жуков атындағы медаль тіпті ол кісі шау тартқан шағында бұйырды. «Менің ең жоғары да қайталанбас атағым – Батырдың келіні болуым» деп келіндердің келістісі Зейнеп жеңгеміз айтқандай, әйтсе де, Нұрекең үшін де ең жоғары атақ Баукеңнің майдандасы болғаны еді. Ол кісі ол атаққа қылау түсірмей өтті. Даңқты командирінің айтқанын бұлжытпай орындап, майданда да, бейбіт өмірде де намысты қолдан берген жоқ. «Өтемістен он едік, онымыз атқа қонғанда, жер қайысқан қол едік» деп Махамбет жырлағандай, Нұрекең мен Болай анадан тараған он перзенттің бәрі де тәуелсіз еліміздің бір-бір кірпіші болып қаланып отыр. Алды Мәскеуден, арты Алматыдан бітірген олардың бәрі де жоғары білімді. Батырдың бір ауыз нақылияты бағдар беріп, бақ болып дарыған бір әулеттің тарихы осындай. Айтпақшы, өзі де бүгін Баукеңнің сол кездегі жасына тақап қалған Жанболат досымыздың сондағы жазған батыр туралы очеркі де «Намысұлы» деп аталады. Тауып қойылған тақырып! Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ, әділет полковнигі.