Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге Бейжің қаласының 2022 жылғы қысқы Олимпия ойындарының астанасы болып таңдалуына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Си Цзиньпинді Бейжіңнің 2022 жылғы қысқы Олимпия ойындарын өткізу құқығына ие болуына байланысты шын жүректен құттықтады.
«Бұл оқиға жаңа Қытайдың зор мүмкіндіктерін әлемге тағы да паш етті. Қытай тарапының Олимпия ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, халықтар достығы мен бейбітшілікті дәріптейтін олимпиадалық дәстүрді одан әрі нығайтуға үлес қосатынына кәміл сенемін», – деп атап өтілген құттықтауда.
Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, ҚХР Төрағасына қысқы Олимпиаданы табысты өткізуге, ал достас Қытай халқының бақ-берекесі артып, өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.