Ресей Суретшілер академиясының құрметті мүшесі атанды
Танымал қылқалам шебері, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы, өнертанушы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Өмірбеков таяу күндері Ресей Суретшілер академиясының құрметті мүшесі атанды. Ол Қазақстаннан осынау атаққа ие болып отырған екінші адам.
Сурет өнері әбден дамыған Ресей қылқалам шеберлері тарапынан мойындалған Байтұрсын Өмірбеков көптеген ғылыми мақалалар мен кітаптардың және «Түрлі түстердің тілдегі көрінісі», «Кеңістіктегі түр түс» атты оқу құралдарының авторы.
Байтұрсын Есжанұлы 1994 жылдан Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының директоры болып қызмет атқарып, ұлттық музей ісінің бір ізділікке түсуіне еңбек сіңірген адам. Суретші 2009 жылы сәуірде Қазақстан Суретшілер одағының XVI съезінде сол ұйымның басқарма төрағасы болып сайланды.
Өнертану профессоры 2002 жылы ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық музейлер кеңесінің қазақстандық ассоциациясын құрып, оның президенттігіне тағайындалды. 1999 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
Сол сияқты суретші Украина Суретшілер одағының құрметті мүшесі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан Республикасында қойылатын ескерткіштер мен монументтерді сараптау комиссиясының мүшесі, АІСА Халықаралық өнертанушы-сыншылар ассоциациясының мүшесі екенін айта кету керек.
Оған қоса, «Орал Таңсықбаев» альбомы үшін «Астана Бәйтерек» республикалық конкурсының лауреаты атанған.
Бұл күнде ол Қазақстан өнерін насихаттау мен ұйымдастыру ісіне белсене араласып жүрген тұлғалы азамат.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.