• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2015

Суреттерде... тұнған сыр

202 рет
көрсетілді

Астанадағы Ұлттық музейде «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында танымал фотосуретші, Журналистер одағының мүшесі, Славян мәдени орталығы басқармасының мүшесі Александр Пархоменконың «Менің Отаным – Қазақстан» атты жеке көрмесі ашылды. «Бұл көрменің тарихи маңызы зор. Себебі, ол Қазақстандағы Ассамблея жылына орай өткізіліп отыр. Және көрме халықтар дос­тығын, олардың мәдениеті мен салт-дәстүрін және берекесі мен бірлігін насихаттайтындығымен ерекшеленеді», – деді Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков. «Музей – тарихтың айнасы. Ол қоғам­дағы ойды, өрке­ниеттің өзегін қозғайтын жер. Сондықтан музейдегі әрбір оқи­ға – тарих болып табылады. Өздеріңіз біле­сіздер, жуырда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға маңызды міндеттер қойып: «Біз­дің баға жетпес байлығымыз – қоғамдағы татулық пен келісім» деді. Бүгінгі көрме Елбасы сөз ет­кен келісім мен татулыққа ар­налған. Көрмеге қойылған суреттерде адамдардың көңіл-күйі мен мінезі көрініс тапқан. Бұл – көрме иесінің шеберлігінің белгісі», – деді Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай. «Бұл менің Астана қаласында өтіп жатқан үшінші көрмем. Бірін­шісі, Ресейдің ғылым және мәдениет орталығында, екіншісі, Бейбітшілік және келісім сарайында болған. Енді, міне, Ұлттық музейде ұйымдастырылып отыр. Әр көрменің өзіндік тақырыбы бар. Бүгінгі көрме еліміздің екі бірдей айтулы мерекесіне арналды. Ол Қазақстан халқы Ассам­­­бл­ея­сының 20 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы. Екі мерекенің де халқымыз үшін маңызы ерекше. Өз суреттерімде сонау қиын-қыстау жылдардағы аталарымыздың ерлігін, биік рухын бүгінгі ұрпағына жеткізгім келді», – деді Александр Пархо­менко көрмеге келген қауымға. Фотосуретшінің өнерге деген қызы­ғушылығы мектеп­ қабыр­ғасынан басталып, әрі қарай оның өмірдегі бас­ты құштарлығына айналды. А.Пархоменко 1975 жылдан бастап көркем фотосуреттер көрмелеріне белсенді қатысып келеді. Осы жылдар ішінде ол көптеген байқаулардың жеңімпазы болып, Мәскеу, Алматы және басқа да қалаларда, сондай-ақ, Испания, Франция, Сингапур, Румыния, ГФР, Венгрияда өт­кен халықаралық көрмелерге қатысыпты. А.Пархоменко өз туындыларын – фотосуреттерді кенепке басып шығару жолымен жасайды екен. Осы суретте бейнеленген сәтті тереңдете түсу үшін қылқаламның көмегіне жүгініп, түрлі-түсті бояу­ды асқан шеберлікпен пайдаланады. Пейзаж, натюрморт немесе портрет болсын, фотосуретші көркемсурет өнерінің графика, кескіндеме сынды алуан түр­лерін ұштастыра отырып, сонымен қатар, голография тәсілін қолданып, фотосуреттің керемет мүмкіндіктерін ашуға талпынады. Көрмеге Александр Пар­хо- ­менконың Қазақстанды мекен еткен ұлт өкілдерінің өзіне тән ерекшелігін, ұлттық мәде­ниет­тердің сан алуандығын, мерекелері мен салт-дәстүрлерін бейнелейтін 100-ден астам еңбегі қойылыпты. Бүгінде Александр Пархоменко Павло­дар мемлекеттік универ­ситеті жаны­нан құрылған дизайн факультеті студенттеріне және Павлодар қаласының көркемөнер колледжінде шәкірт тәрбиелеп, фотосурет шеберлігінің қыр-сырымен бөлісуде. Оның 1994 жылы ашылған «Profi» фото­сту­дия­сы Қазақстан жайлы кітаптар мен фотоальбомдарды басып шы­ғару мен көркемдеу жұмыста­ры­на қатысыпты. Көрме 2015 жыл­ғы­ 24 сәуір мен 14 мамыр аралы­ғын­да өтетінін еске сала кетсек дейміз. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.
Соңғы жаңалықтар