• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2015

Бекзат өнер белсенділері

317 рет
көрсетілді

Ресейдің халық әртісі Денис Мацуев бастаған пианисшілер осымен үшінші мәрте «Астана Опера» театрында бас қосты. Жер-жерден келген пианинода өнер көрсетудің жас һәм хас шеберлері жақын күндерде жүлдеге қойылған алпыс мың АҚШ долларын бөліске салмақ. Биылғы байқау бұрынғыдан өзге­рек, фестивальға алғаш рет Моңғолия, Македония, Норвегия, Финляндия музыканттары қатыспақ және өнер­паздардың өнеріне баға беретін қа­зылар алқасының құрамы салмақты. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар доданы қызықты ету үшін концерттік бағдарламаға құпия сыйлық әзірлеп отырғанын айтты. ІІІ халықаралық классикалық музыка фестивалінде бақ сынайтын тоғыз және он сегіз жас аралығындағы отыз үміткердің төртеуі өзіміздің өрендер. Кіші топта тоғыз жасар Нұрсұлтан Омарғазин күйсандық құдіретін көрсетсе, орта топта Бекзат Рақымов, ересек топта Назерке Қабдрахманова мен Сан­жар Зұлпыхаров ел намысын қор­ғайды. Өнер де спорт секілді, үнемі жаттығуды қажет етеді. Музыка әлеміндегі аспаптардың ішінде пиа­ниномен берілетін сезім сыры өз­геше. Моцарт пен Бетховеннің сүй­ріктей саусағын пернеге тигізбей-ақ әсем үн әуелеттірген бұл құралдың қазақтың қобызы бен домбырасынан қасиеті кем емес. Еуропалықтардың пианиноны классикалық музыканың шыңына көтеруінде үлкен сыр жатыр. Бұл аспап пернесіне саусағы тиген музыкантты ол үлкен даналыққа жетелейтіндей әсер қалыптасқан.  Музыка кісіні жасына қарай бөл­мейді. Даналық жолын тапсаң болды, сені алысқа самғатып ұшыра жөнеледі. Өнер адамы мейірім мен сұлулықтың жаршысы деген үлкен жүк арқалайды. Аталмыш конкурстың еліміздегі музыка өнерін дамытудағы ма­ңызы жайлы айтылған баспасөз мәс­лихатында жобаның көркемдік жетекшісі Денис Мацуев: «Талантты жасты ата-ана бір жағынан, ал мықты педагог екінші тұсынан барынша қолдап отыруға тиіс, әйтпесе, бір ғана дарын өз күшімен алысқа ұзап кете алмайды. Музыкалық аспабы болмаса, қажетті жабдығы жетпесе, өнерін бағалап, арқасынан қағып отыратын тұлға болмаған жағдайда, еңбектің бәрі еш кетеді, онда шынайы талант қайдан туады?» деді. Өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеу үшін және олардың шығармашылық жолының қалыптасуына қолдау көрсету мақ­сатында өткізіліп отырған байқаудың демеушілері –  Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі және «AccordidiAstana» қоғамдық қоры. «Музыка – қазына сақтайтын қойма, мұнда барлық ұлт өкілі өзі­нің байлығын тең мүмкіндікте пайдалану үшін салады» деген орыстың белгілі композиторы Петр Ильич Чайковскийдің туғанына биыл 175 жыл толып отыр десек, байқаудың мәні мен маңызы  жайлы айтылған жиынға Ресейдегі Мария театрының басшысы, маэстро Валерий Гергиевтің қатысуы да бекер емес. Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келген жас орындаушылар байқауын өткізу Қазақстан үшін үлкен жетістік екенін айтқан өнер иесі халқымыздың «баланы жас­тан...» деген қағидасына толық қосылатынын жеткізді. Құндыз ЕРАЛЫ. АСТАНА.