• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2015

Қаһарман ұлға құрмет

499 рет
көрсетілді

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық универси­­­тетінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына және көрнекті ғалым, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдық мерейтойына арналған «Поэтика және өлеңтану мәселелері VII» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өз жұмысын бастады. Батыр, әдебиетші әрі көрнек­ті ғалым Мәлік Ғабдуллиннің еңбегі мен қызметіне, қоғамдық мәселелерге етене араласқан өмір жолына арналған келелі кеңес­ке Қазақстан Ұлттық ғылым акаде­мия­сының академигі, филология ғылымдарының докторы, Мәлік Ғабдуллиннің шәкірті, профессор Серік Қирабаев, Қа­зақстан Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстан Республика­сы Парла­мент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин, Мұхтар Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының директоры, фило­логия ғылымдарының док­торы, профессор Уәлихан Қали­жанов, батырдың қызы Майдан Ғабдул­лина қатысты. Кон­фе­ренция­ны Абай атындағы Қазақ Ұлт­тық педагогикалық универ­ситеті­нің ректоры, Ұлттық Ғылым академия­сының академигі, профессор Серік Пірәлиев құттық­тау сөзбен ашып, ғылыми конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі. Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен көзге түскен, Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз һәм парасатты басшы бола білген Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен әдебиетке сіңірген еңбегін тал­қылауға арналған ғылыми кеңеске Швейцария, Швеция, Болгария, Латвия, Польша, Израиль, Эсто­ния, Ресей, Өзбекстан секілді әлем­нің оннан аса елінен келген ғалым­дар қатысып, конференция бары­сында жалпы өлең өрнек­тері, соғыс зардабы, әдеби мигра­ция және ұлттар достығы тақырып­тарында да баяндамалар жасалды. Ғылыми-теориялық конферен­цияның ресми шарасы барысында «Мәлік Ғабдуллин» атты қос томдық еңбектің тұсау кесер рәсімін белгілі ғалым Серік Қирабаев пен батырдың қызы Майдан Ғабдуллина атқарды. Университет ректоры Серік Пірәлиев атқарылып жатқан игі істермен қатар, биылғы жылы атап өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы секілді тарихи шараларға тоқталды. Сондай-ақ, көп жылдардан бері Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық уни­верситетінің ұстаздары өзге де ғалымдармен бірлесіп Мәлік Ғабдуллиннің шығармашылығы мен ғылыми еңбектері жөнінде тыңғылықты жұмыстар атқарып жатқандығын тілге тиек етті. Одан кейін сөз алған Серік Қирабаев өзінің ұстазы Мәлік Ғабдуллин туралы естеліктер айтып, қазақ халқының батыр ұлының еңбегі мен өмір жолы жайында салиқалы әңгіме шертті. Парламент Сена­тының депутаты, ақын Нұрлан Оразалин мен профессор Уәлихан Қалижанов та көрнекті ғалымнан алған тәлім-тәрбиесі хақында, Ғабдуллиннің қазақ әдебиет ғылымына қосқан зор үлесі мен ұлттық жыр жауһарларын сақтап қалу жолындағы жанкешті қызметін сөз етті. Мәлік Ғабдуллиннің 100 жыл­дығына арналған ғылы­ми конфе­ренцияның пленарлық мәжілісі мен секциялық жұмыстарында «Мәлік Ғабдуллиннің ғибратты ғұмыры», «Мәлік Ғабдуллин және Қобыланды батыр», «Біздің қа­һарман жерлесіміз», «Қилы кезең, қаһарман тұлғалар», «Мә­лік Ғабдуллин – отандық фольк­лортанудың классигі» және «Мәлік Ғабдуллин туралы Қа­зақ­стан Республикасының Орта­лық мемлекеттік мұрағатында сақ­талған деректер» атты тақы­рыптар мен отандық және ТМД көлеміндегі белгілі әдебиетшілер мен ғалымдардың Мәлік Ғабдул­лин жайында жазған ғылыми еңбектері, мақалалары мен талдамалы жұмыстары жайлы баяндамалар талқыланды. Айтулы ғалым Мәлік Ғабдул­линнің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отырған атаулы шара барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кіреберісіне батыр ұл, парасатты тұлғаға арналған ескерткіш тақта ашылды. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Мырзан АЙТЖАНОВ.