АСТАНА. 6 мамыр. Елорда тұрғыны күйеуін асқан зұлымдықпен өлтірген. Бүгінде аудандық прокуратура 67 жастағы ер адамның өліміне қатысты қылмыстық істі өз бақылауына алған. Бұл туралы Астананың Алматы аудандық прокуратурасына сілтеме жасап, tengrinews.kz хабарлады.
Осы жылдың наурыз айында полицияға Астана қаласының тұрғыны келіп, күйеуінің ұшты-күйлі жоғалып кеткенін айтып, шағымданған. Әйелдің сөзіне қарағанда, күйеуі үйінен шығып кеткен күйі мүлде оралмаған.
Кейін полиция қызметкерлері адам өліміне күдікті ретінде 48 жастағы әйелдің өзін – жоғалып кеткен ер адамның жұбайын қолға түсіреді. Тергеу барысында ерлі-зайыптылардың арасында ұрыс-керіс болғаны, даудың соңы жанжалға ұласқаны белгілі болды. Алматы аудандық прокуратурасы таратқан мәліметтерге сүйенсек, төбелес кезінде әйелі күйеуін тұншықтырып өлтірген. Ал келесі күні әйелі күйеуінің өлі денесінен құтылмақ болады.
«Мәйітті тұтастай пәтерден көтеріп алып шыға алмасын, оның үстіне үйдің кіреберісінде бейнебақылау камерасы орнатылғанын білген айыпталушы күйеуінің денесін бөлшектеп тастауды дұрыс деп шешкен. Марқұмның денесінің бөліктерін тану мүмкін болмас үшін оның басын пісірген. Осыдан кейін барлығын сөмкеге салып, Астрахан тас жолы бойындағы молада жерленген күйеуінің анасының жанына көміп тастаған», – дейді қанды оқиғаны егжей-тегжей баяндап берген Алматы аудандық прокуратурасы тергеу бөлімінің бастығы Арсен Бегалин. Бөлім бастығының сөзіне қарағанда, аталған қылмысты тезірек ашу мақсатында қылмыстық іздестіру органдарына адам өлімінің басты нұсқаларын сараптау жүктелген.
Құзырлы орган таратқан хабарламада, күдікті әйелдің алдымен күйеуін өлтіргенін мойындағаны, кейіннен ол жауабынан бас тартқаны да айтылады. Астана қаласының Алматы аудандық №2 тергеу соты судьясының қаулысымен 48 жастағы әйел қамауға алынды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты психология-психиатриялық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы дайын болғаннан кейін іс сотқа жіберіледі.
Естеріңізге сала кетейік, бұл Астана қаласында болған алғашқы ауыр қылмыс емес. Өткен жылдың тамыз айында дәл осындай айуандықпен 18 жастағы құрбыларын өлтірген үш бойжеткен сотталған болатын.
Еламан Қоңыр.
Дерек: tengrinews.kz.
Сурет: rambler.ru.