• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2015

Жеңісті Прагада қарсы алған

355 рет
көрсетілді

 Асылдың сынығындай, қатарлары  тым селдіреп бара жатқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қай-қайсысы болса да көзге ыстық. Солардың бірі – бүгінде тоқсанның бел ортасына жеткен Сейілбек Усин ақсақал. Сейілбек ағамызбен менің таныс­тығым, өткен ғасырдың 80-ші жыл­дарының ортасынан басталған еді. Лигачевтің «сухой законынан» кейін саламатты өмір салтын насихаттау туралы науқан басталды. «Целиноград ауданында тұратын 65-тен асқан бір қарт адам күніне 30 шақырым қашықтыққа жүгіреді екен. Сол ақсақалдың тәжірибесін облыстық газетте насихаттау керек» деген тапсырма алдым. Ол кезде қаланың іргесіндегі Талапкер ауы­лында тұратын Сейілбек Әкімбекұлын арнайы іздеп барып, жүздескен едім. Сол кезде 15-20 шақырым қашықтыққа еркін жүгіретін ағамыз сексеннің сеңгіріне іліккен шағында да Ұлы Жеңіс мерекесі құрметіне өткізілетін 30-35 шақырымдық марафондарда алдына жан салмай келетін. Майдангермен сұрапыл соғыс тақырыбында да талай-талай сыр суыртпақтағанбыз. Сейілбек аға Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен қатысып, Жеңісті Чехославакияның астанасы Прага қаласында қарсы алыпты. Бес жыл қан майданның бел ортасында жүріп, бірде-бір рет жарақат алып көрмепті. «Сейілбек аға, денеңізге сызат түсірмей сұрапыл соғыстан қалай шыққансыз?» деп қалжыңдағандарға, «Оу, мен үнемі студебеккер машинасының ішінде отырдым ғой, қайдан оқ тиеді», деп әзілмен жауап беретін. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында газетіміздің фототілшісі Орынбай Балмұрат екеуміз ағамызға арнайы барып, майдангердің жауынгерлік жылдардағы өмір естеліктерін тыңдап қайттық. Сейілбек Усин Солтүстік Қазақстан облысындағы атақты Шағалалы ауы­лында 1921 жылы өмірге келіпті. Әкесі Әкімбек Усин МТС директоры, Шағалалы ауылдық кеңесінің төрағасы болған көзі ашық, оқыған адам екен. Чистопольский МТС-тің 7 жылдық орыс мектебін бітіргеннен  кейін Сейілбек Шағалалы ауылында ашылған мектепке орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып бекітіледі. 1940 жылы міндетті азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығысқа аттанады. Осындағы әскери байланыс бөлімшесінде қызмет атқарып жүргенде, соғыс басталады. Қиыр Шығыстан жеткен жауынгерлерді бірден алдыңғы шептегі шайқасқа салды. Сейілбек аға жылға жақын жүздеген метр байланыс сымы оралған катушканы арқалап, алдыңғы шептегі бөлімдер мен әскер басшылары орналасқан нүктелердің арасында байланыс жүйесін қалыптастыру міндетімен айналысты. Үзілген байланыс сымдарын жалғау үшін қарша бораған оқ пен оттың ортасымен бір жығылып, бір тұрып, талай-талай шақырымдарды еңбектеп өткен күндері де көп болды. Қар жамылып, мұз жастанып ұрыс даласында байланыс сымын тартып жүргенде, талай серіктері жер жастанды. Қандай құдірет қаққаны белгісіз, бұл қан-қасаптан ол аман шықты. Содан кейін ол І Украин майданының құрамындағы даңқты генерал Рыбалконың 3-ші гвардиялық танк армиясына тап болды. Көп ұзамай білімді әрі орысшаға жетік жауынгерді танк армиясының штабына алды. Мұнда ол снарядтарды және оқ-дәрілерді тіркеу және есептеу бөлімшесінде қызмет етті. Сейілбек ағаның өз сөзімен айтсақ: «Біз қабылдап алған әрбір снарядтың және оқ-дәрінің қатаң есебін жүргізіп, жоғары жаққа есеп беріп отырдық. Мәселен, ПААС-тан (полевой армейский артелериский склад) жауынгер Ивановқа 20 бронебойный, 30 осколочный және 10 подкалибрный снаряд берілді. Шайқас біткеннен кейін Иванов атылған снарядтардың бәленше гильзаларын тапсырады. Сол бойынша біз бір шайқастан кейін қанша снаряд пен оқ-дәрі шығындалғаны туралы есеп беріп отырамыз». Міне, әрбір атылған снарядтың есебі алынып отырған Кеңес мемлекетіндегі темірдей тәртіптің арқасында дүниежүзін қалтыратқан неміс фашистері тізе бүкті. 1945 жылғы сәуір айының соңғы күндері неміс фашистерінің ордасы – Берлин қаласы үшін кескілескен ұрыстарға ұласты. Алынбайтын қамалға айналған Берлиннің әрбір көшесі, әрбір нысаны үшін жан алысып, жан беріскен шайқастар жүріп жатты. Мамыр айының алғашқы күні Сейілбек аға қызмет ететін танк құрамасы түн ішінде тік көтеріліп, суыт жүріспен Берлин қаласын тастап шықты. Рейхстагтың төбесі көрініп қалғанда, күрт кері бұрылып, шұғыл сапарға шығудың сырын ұға алмай, жау­ынгерлер де дал болды. Көп кешікпей әрбір рота, әрбір бөлімше, әрбір танк құрамына құпия бұйрық таратылды. Чехославакияның астанасы Прага қаласына фашистердің мұздай қаруланған қуатты армиясы бекініп, біздің әскерлердің тылынан тұтқиылдан шабуыл жасау үшін әзірленіп жатқан көрінеді. Бұларды сол неміс әскерін талқандауға аттандырған екен. «Айналасы екі-үш күннің ішінде біздің әскерлеріміз Прага қаласының маңына бекінген жаудың тас-талқанын шығарды. Біздің штаб батальоны 8 мамыр күні түн ортасы ауа жаудан тазартылған Прага қаласына келіп кірді. Ұзақ жолдан қалжырап, одақтастар берген студебеккер машинасының ішінде сығылыса отыр едік. Кенет жан-жақтың бәрі тарсыл-гүрсіл атыс болды да кетті. Жауынгерлер қару атаулының бәрімен аспанға атып жатыр. Жау самолеттері келіп қалған екен деп аспанға қараймыз. Сол сәтте командиріміз майор Ефимов шеттеу отырған маған: «Жауынгер Усин, бұл не атыс екенін біліп келіңіз!» деп бұйырды. Мен жалма-жан машинадан секіріп түсіп, қараңғы көшемен жүгіре жөнелдім. Прожекторлар жарығымен самаладай болып тұрған алаңда өзара дабырласып жатқан бір топ жауынгердің қасына келдім. Олар құшақтасып, сүйісіп, қайта-қайта аспанға оқ жаудырып жүр. «Жолдас лейтенант, не болып жатыр өзі?», дедім дәл жанымнан өте берген офицердің жолын бөгеп. «Соғыс бітті, бауырым! Жеңіс! Біз жеңдік, бауырым!», – деп лейтенант мені құшақтап алып, кемсеңдеп жіберді. Мен де көзімнен аққан қуаныш жасын сығып алып, майор Ефимовтан сүйінші сұрау үшін келген ізіммен жүгіре жөнелдім...». Қарт майдангер, соғыстан кейінгі саналы ғұмырының аттай қырық жылын бала оқыту ісіне арнаған ұлағатты ұстаз Сейілбек Әкімбекұлы әлде кәріліктен, әлде ішкі тебіреністен жасаурап кеткен көкшіл көздерін орамалымен сүртіп, үнсіз отырып қалды. Тоқсанның төртеуіне шықса да таяқсыз жүретін асылдың сынығындай ардагерге біз де шынайы ілтипатпен риясыз қарадық... Суретте: Ұлы Отан соғысының ардагері Сейілбек УСИН.