Қазақ тумысынан намысқой халық. Ерді намыс өлтіреді деп білген жұртымыз сондықтан қандай бір жаугершілікте де көзсіз ерлікке кенеусіз баратын болған. Кешегі жарты әлемді жалмаған жаһан соғысында батырларымыздың көптеп шыққаны да соған сеп. Ал шын мәнінде мұндай жоғары дәрежеге жетуге лайықты болған әкелеріміздің қатары бұдан екі-үш есе көп болғанын кейінгі кездері ғана біліп жатырмыз. Дәл солай Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, белгілі бір себептермен соған қол жеткізе алмай қайтқан қан майдан қаһармандарының бірі Сейіт Үйсінбаев еді.
Жезқазған жондарында туған бұл кісінің өмір жолдарын дәулетті болған ата-анадан кішкентай бала кезінде үш бауырымен бірге айырылып, жасы алтылар шамасында Сырдың бойынан келген керуенге ілесіп, нағашыларына қарай жол тартып барғанынан тарқатып айтар болсақ, біраз әңгіменің басы қайырылар еді. Сондықтан біз сөздің ілкімін жігіт атанып, ат жалын тартып мінген Сейіттің төрт жылдық мектептен кейін қысқа мерзімді курсты бітіріп, мал дәрігері мамандығын алып шыққан соң бірқатар жылдар сол салада қызмет етіп барып, 1940 жылдың жазға салымында Кеңес армиясы сапына алынған шағынан бастайық. Ал арада тура бір жыл өткенде, 1941 жылдың маусым айының ортасы ауа Ұлы Отан соғысының бұрқ ете түскені белгілі.
Бұл кезде Украина жерінде әскери қызметін атқарып жүрген Сейіт соғыстың алғашқы күнінен дерлік сол сұрапылға бел шешпей қойып кетеді. Алғашында ұрысқа атты әскер взводының командирі ретінде қатысып жүрген жауынгер кейін келе барлаушылар жасағының жетекшісі болып қызмет етеді. Осы кездері ол жасаған ерен ерліктерінің айғағы ретінде алғашқы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алып үлгереді. Ал бір жолы кезекті бір елді мекенге барлауға барған жерінде немістердің өте бір маңызды қолбасшысын көптеген құнды құжаттарымен бірге тірідей қолға түсіріп, төркіні төтен табысқа қол жеткізеді. Осы ерлігі үшін қазақ барлаушысы Сейіт Үйсінбаев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады.
Бірақ қырсық шалайын десе, аяқ астынан екен, содан бірер ай бұрын ғана батальон комиссарымен, яғни командирдің саяси істер жөніндегі орынбасарымен шәлкем-шәліс келіп қалғаны бұған үлкен кедергі болып жабысады. Пенделік тірлік қой, мұның тағы бір барлау барысында жорық жолдарының тартуы ретінде алып қайтқан алтын сағатына осы комиссар қатты қызығады. Қызығып қана қоймайды, өзіне беруін талап етеді. Мынадай әлімжеттікке шыдай алмаған намысқой Сейіт өліп кетсе де сағатты бермейтінін айтып, жоғары тұрған шендіге ашықтан-ашық қарсылық білдіреді. Соған ішін жиып алған комиссар жоғарыға кетуге дайын тұрған марапат қағазына қол қоймай қояды. Сейіт сосын мұның орнына омырауына «Қызыл Жұлдыз» орденін тағады.
Арада тағы бірқатар уақыт өткеннен кейін біздің кейіпкеріміз тағы да осындай елеулі еңбегімен көзге түседі. Кезекті барлаудан қайтып келе жатқан жауынгерлер бір жолы сытырлап жауған қалың жаңбырдың астында қалып қояды. Содан алдарынан кезіккен селоның шетіне іліккен бұлар бірінші кездескен үйге кіріп барады. Бұлардың табалдырықтан аттағаннан кейін көргендері 5-6 жастағы жалғыз ұл бала болады. От жағып, киімдерін кептіріп алу үшін одан құрғақ күкірт сұрағанда, бала байғұс үйдің бар сырын ашып қояды. «Күкірт анамда», –дейді ол. «Ал анаң қайда?» – «Ол жертөлеге кетті». – «Онда неге кетті?» – «Сонда отырған неміске тамақ беруге кетті». Балақаймен арада жүрген осындай диалогтан кейін барлаушылар бірден бәрін тастап, аталған жертөлеге қарай лап қояды. Барса, онда шынында да бір неміс солдаты мекен етіп отыр екен. Жәй отырмаған, онысы немістің радисі болып шығады. Сол жерде отырып, үй иесі әйелдің күнделікті беріп тұрған мәліметтерін өз басшылығына жіберіп, біздің көптеген нысаналарымыз бойынша артиллериядан соққылар бергізіп тұрыпты. Екі бірдей жауды алдарына салып әкелген барлаушылар тағы да тиесілі наградаларын алады. Содан Сейітке бұйырғаны екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені болады.
Сейіт көкеміздің бұдан кейін басынан кешкені анау-мынау киноға бергісіз. Кезекті бір соғыс кезінде снарядтың жарықшағы оның бір бүйрегін зақымдап кетеді. Дәрігерлер далада қар үстінде қансырап жатқан жауынгерді аман алып қалу үшін бүлінген бүйрегін алып тастап, емдеп көргендерімен, оның беті бері қарай қоймайды. Ақырында тіршіліктің белгісі байқалмай қалған ол мәйітханаға жеткізіледі. Сол жерде екі-үш күндей жатып қалған оның денесі әлі суи қоймағанын жерлеу бригадасының бір мүшесі кездейсоқ байқап қалған екен. Осыдан кейін батыр барлаушы шұғыл госпитальға жеткізіліп, ары қарай біртіндеп сауығып шығады. Кейін денсаулық жағдайына қарай әскери қызметтен босатылған Сейіт Үйсінбаев елге қайтарылады.
1944 жылдың жазында осылай Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы отбасына оралған бұрынғы жауынгер 1971 жылы желтоқсан айында жүрек талмасынан қайтыс болып кеткенге дейін халық шаруашылығында ұзақ уақыт қалтқысыз қызмет етеді. Мен бұл кісіні тірі кезінде көре қойған жоқ едім. Бірақ жасында балуан болып күреске де түскен, қолына домбыра ұстап, айтысқа да қатысқан, оның атын сырттай көп естігенмен. Оған аталған ауданның «Гигант» колхозында көп жылдар ферма басқарушысы, қойма меңгерушісі болып жұмыс істеген жездем Сыздық Омаровпен құрдас, әріптес, жолдас болғаны себеп шығар. Кейіннен Сейіт көкеміздің балаларымен жақын жүрдік. Өкінішке қарай, одан өрбіген Бақыт, Батыр және Бағдат есімді ұлдардың бәрі өмірден ертерек кетіп қалды. Осылардың ішінде Батырмен араластығымыз өте жақсы болды. Енді ғана оның есімі неге бұлай қойылғанын пайымдаған сияқтымын.
Қазір батыр әкенің артында қалған мұраларына қызы Ғалия әпкеміз ие болып отыр.
Ал Сейіт көкеміз тірі тұрғанында өткен жылы жүзге толар еді.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы.