• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2015

Алмас белгісімен марапатталды

328 рет
көрсетілді

Кеше Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев марапатталған Халықаралық инженерлік академиясының алмас белгісінің тапсыру рәсімі өтті. Бұл құрметті награда Елбасына «Қазақстанның инженерлік академиясының дамуына және ТМД елдерінің ғылыми, инженерлік-техникалық қоғамдастықтарының нығаюына елеулі үлес қосқаны үшін» берілді. Халықаралық инженерлік ака­демия­сының президенті Борис Гусев құрметті белгісін тапсыра тұра, Нұрсұл­тан Назарбаевты жа­қында өткен прези­денттік сай­лау­дағы жеңісімен құттық­тады және Елба­сының Кеңес Одағынан кейін­гі ке­ңіс­тікте инженерлік ғылымды дамы­тудағы маңызы зор деп мәлімдеді. Академияда құрылған Алмас бел­гісі инженерлік қызметтегі қоғамдық құр­меттеудің және кәсіби озаттықтың ең жоғарғы нысаны болып табылады. Тәртіп бойынша ғалымдар, инженер­лер, өндіріс саласының өкілдері, көр­нек­­ті мемлекеттік және қоғам қайрат­кер­лері қызметтегі ерекше жетістіктері үшін аталмыш белгімен марапатталады. Академияның наградасын Қа­зақ­станның Ресейдегі елшісі Ма­рат Тәжин қабыл алды. Елшінің айтуын­ша, бұл марапат – Елбасының Кеңес Одағынан кейінгі кеңістікте маңыз­ды ғылыми және инженерлік жоба­лардың дамуына қосқан едәуір үлесінің нақты көрсеткіші. «Қазіргі кезде Халықаралық инже­нерлік академия қызметінің маңызы ерекше зор, себебі ағымдағы еуразиялық экономикалық интеграция үдерісі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер инженерлік мектептерінің тығыс байланысын, инженерлік кадр­ларды сапалы даярлауын және ірі ин­фрақұрылымдық,  салааралық жоба­ларын іске асыруын талап етуде», –  деді М.Тәжин. Халықаралық инженерлік акаде­миясы (ХИА) Кеңес Одағының Инже­не­рлік академиясының құ­қық­тық мирас­қоры болып саналады. ХИА-ға бірқа­тар шетелдік ұлт­тық инженерлік акаде­миялар кіре­ді. Қазіргі таңда ХИА-ға 40 елдің 1300 өкілі мүшелік етуде, олар­дың қатарында шетелдердің президенттері, үкімет басшылары, атақты ғалымдары, қоғам қайрат­кер­лері, ірі өнеркәсіптік және ғылыми құрылымдарының басшылары бар.