Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) Қазақстан Республикасының Президентінің кезектен тыс сайлауын байқау жөніндегі миссиясының жетекшісі Корнелия Йонкермен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан сыртқы саясат мекемесінің басшысы миссияға атқарылған жұмысы үшін алғысын білдіріп, сайлауды тиімді ұйымдастырғаны жөнінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ оң бағасын қолдады.
К.Йонкер өз кезегінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясын шақыру мен оның Қазақстандағы жұмысына тәжірибелік тұрғыда ықпал жасағаны үшін алғысын жеткізді.
Е.Ыдырысов атап өткендей, дауыс беру нәтижелері халықтың іс жүзінде Ұлт Көшбасшысын, оның тұрақтылық саясаты мен еліміздің біраз жылдарға жан-жақты әрі нық қадаммен дамуын қолдайтынын анық көрсетті. Министр К.Йонкерді жемісті жүзеге асырылып отырған адам капиталына инвестиция құю саясатымен, Қазақстандағы алдағы уақыттағы институттық реформалар мен жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияны құру үдерісімен, соның ішінде жоғары білікті үкімет құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттің есепті болуын арттыру және экономиканы әртараптандыру мәселелерімен таныстырды.
Кездесу қорытындысы бойынша ЕҚЫҰ мен оның институттарымен дәстүрлі белсенді қарым-қатынасты әрі қарай нығайта беру туралы келісімге қол жеткізілді.
«Егемен-ақпарат».