• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Тамыз, 2015

Атырауда бұрынғы лауазымды тұлғаларға қатысты үкім өзгертілді

298 рет
көрсетілді

АТЫРАУ. 3 тамыз. Атырау облыстық сотының кассациялық сот алқасы Атырау облысы әкімдігінің бұрынғы лауазымды тұлғалары Б.Дәукеновке, А.Әбдіровке, А.Керімовке, Б.Жантеміровке және басқаларына қатысты облыс прокурорының кассациялық наразылығына, сотталушылардан, олардың қорғаушыларынан және қылмыстық процеске қатынаспағанымен, олардың құқықтары мен мүдделері сот үкімінде көрсетілген тұлғалардан түскен кассациялық шағымдарына байланысты сот қаулысын шығарды. Бұл туралы Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. «Кассациялық сот алқасының қаулысымен бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың үкімі мен қаулысы ішінара өзгертілді. Атап айтқанда, мүліктерді мемлекет пайдасына қайтару жөніндегі бөлігін өзгертіп, 3 пәтер, тұрғын үйлерімен бірге 2 жер телімі және 3 жер телімі тыйым салынудан босатылды. Бірінші сатыдағы және апелляциялық сот алқасының үкімі мен қаулысының қалған бөлігі өзгеріссіз, сотталушылар мен олардың қорғаушыларының кассациялық шағымдары –қанағаттандырусыз қалдырылып, прокурор наразылығы ішінара қанағаттандырылды», – делінген облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Бұған дейін, яғни, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2014 жылдың 14 қарашасындағы үкімімен сотталушылар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің әртүрлі баптары бойынша (қызмет бабын пайдаланып ұйымдастырылған қылмыстық топқа басшылық жасау, 42 млрд теңге бюджеттік қаржыны талан-таражға салу, алаяқтыққа жол ашып, жалған құжаттар әзірлеу және т.б.) кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалған еді. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облыстық сотының баспасөз қызмет. Сурет: nur.kz.