ОРАЛ. 5 мамыр. Орал қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Мұхит Әбілхайыров пен Жеңіс Әмірұлы жергілікті азаматты өрттен арашалап қалды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 30 сәуірден 1 мамырға қараған түнде болған. Аға лейтенант Мұхит Әбілхайыров бастаған полиция қызметкерлері «Нан зауыты» маңайында бір ер адамның «өрттен құтқарыңдар! іште адам қалып қойды» деп айқайлағанын естиді.
«Көк түтін үйдің екінші қабатынан шығып жатқанын байқадық. Темір есік құлыптаулы. Сол себептен ішке балкон арқылы кіруге әрекеттендім. Терезені рациямен сындырып кірген бойда пәтер ішінде кілтін іздеп, талықсып жатқан ер адамды көрдім. Көп кешікпей қалалық ішкі істер бөлімінің 502-ші экипажы көмекке келді. Сол сәтте полиция старшинасы Жеңіс Әмірұлы менімен бірге құтқару операциясына жедел кірісіп кетті. Қалған қызметкерлер зардап шегушіні балкон арқылы түсіруге көмектесті», – дейді Мұхит.
Жедел қимылдаған тәртіп сақшылары отқа оранған үйдің тұрғындарын эвакуациялау кезінде өрт сөндірушілер де келіп жетті.
Темір Құсайын.
Дерек: Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Сурет: uralskweek.kz.