• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2015

Қостанайлықтар соғыс ардагерлерін Астанаға шығарып салды (фото)

247 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 6 мамыр. Қостанайлықтар Жеңіс күні құрметіне елордада өтетін парадты тамашалайтын бір топ соғыс ардагерлерін Астанаға шығарып салды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Теміржол вокзалының перронында төселген қызыл кілемге жағалай орындықтар қойылып, ардагерлер сонда отырды. Алматы-Астана бағытына жүретін «Тобыл» жүрдек пойызы келіп тоқтады. Ардагерлерді перронда үрмелі аспаптар оркестрі соғыс жылдарының әуендерімен қарсы алды. Астанадағы мерекелік парад қызығын тамашалайтын 17 ардагерді бес күтуші алып барады. Барлығы да 90-нан асқан, ең жасының өзі биыл 90-ға келеді екен. Алайда, көңіл деген көк дөнен, кешегі солдаттар соғыс әндеріне  кібіртіктеп басып жүріп  билеп те алды. - Соғыс басталған менің жасым жетпеді. Он жетіге 1943 жылы толдым, сол жылы майданға аттандым, Белоруссия майданында болдым, Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатыстым. Елге тек 1950 жылы ғана оралдым,-дейді Астанаға Әулиекөл ауданынан бара жатқан соғыс ардагері Алдаберген Качкин. — Несін айтасың, 70 жыл өтсе де соғыс лаңы көз алдымда. Одер өзенінен өткенде екі жолдасым суға кетті. Біз әйтеуір ажалдың жоғынан өзеннің шетіне зорға шығып, тірі қалдық. Сол жігіттер есіме түседі. Мұндай парадқа алғаш бара жатырмын, Алланың бергеніне шүкір. Ардагерлердің барлығы да өздеріне көрсетіліп жатқан құрметке риза. Оларға арнап парадта киетін біріңғай киім тігілді. Оларды Астанаға шығарып салуға облыс, Қостанай қаласының басшылары келді. Пойыз жүрердің алдында ардагерлерге облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов ақжол тіледі. Нұралы Сәдуақасов: «Сіздер біздің елімізде өткелі отырған мерекелік Жеңіс парадына жүргелі отырсыздар. Елімізде мұндай деңгейдегі парад әлі болған емес. Онда тамаша салтанатты, еліміздің жақында ғана қайта сайланған Елбасымызбен кездесесіздер. Өкінішке қарай көптеген ардагерлер бұл күнді көре алмады.  Астанаға аман-есен, көңілді барып келіңіздер! Мерекелеріңіз құтты болсын!», деді. Ардагерлер Астанаға барған соң демалады, қарт кісілердің парадқа сергек шығуы үшін олардың  денсаулығына қарау, демалдыру жіті бақыланады.  Бүгінде облыста 338 соғыс ардагері бар. Сонымен қатар  әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер соғыс ардагерлеріне теңестірілген 11 мың адам тұрады. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz