ҚОСТАНАЙ. 6 мамыр. Қостанайда генерал-майор Талап Қабденовтың 70 жасқа толуына орай оған құрмет көрсетілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, профессор, құқықтану доценті, генерал-майор Талап Қабденовтың еңбек жолының біразы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық білім беру ісін қалыптастыру мен оны дамытуға арналды. Ол Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясының құрылуына үлкен еңбек сіңірген болатын. Оқу орны қазір еліміздегі іргелі білім ордасына айналды. Одан ішкі істер саласының тамаша мамандары өсіп шықты.
Той иесін облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов құттықтап, иығына шапан жапты.
Нұралы Сәдуақасов: «Ұлы Жеңістің құрдасы Талап Қабденұлының күш-жігері, өмірге ынтызарлығы, Отанға қызметі барлығымызға үлгі боларлық. Ол Қостанайдағы шағын заң колледжін бүгінгідей бірегей академияға айналдыруға ерен еңбек етті. 1996 жыл ауыр уақыт еді. Сол жылдардың өзінде мүмкіндіктер тауып, академияның материалдық базасын нығайтты. Қазір бұл оқу орны ішкі істер саласына білікті мамандарын, жетекші кадрларын дайындайды. Капитан шенінен генерал-майорға дейін өсу өмірде жауапкершілікті алдыңғы орынға қоятын Талап Қабденұлының адал еңбегінің арқасы болатын. Ал мұндай өмір жастарға үлгі», деді.
Генералға арналған салтанатты кеште оның замандастары, уақытында қызметтес болған Кенжебек Укин, Тоқтарбай Қадамбаев сөз алып, той иесіне ізгі тілектер айтты. Мұнан кейін жиналғандар облыстық филармония өнерпаздарының күшімен қойылған концертті тамашалады. Концертте композитор Қалибек Деріпсалдин «Талап аға» атты жаңа әнін тарту етті.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz