Кинода «ірі план» деген ұғым бар. Оның сынағынан өткен актер – кинода бағы жанған шығармашылық иесі. Өйткені, ірі план – кейіпкердің ішкі неше түрлі психологиялық жағдайын, әрқилы сезім иірімдерін, мінез-құлқын, ой-толғанысын жазбай танып, көрсететін немесе сездіртетін өте маңызды сәт. Демек, оның биігінен көріне алған актер – фильмнің басты табыстарының бірі. Бүгінгі қазақ киносында ірі пландағы ер мінезді кейіпкерлердің бейнесін сәтті шығарып жүрген, дарыны мен пайымы, болмысы қатар үйлескен бір өнер шебері бар. Ол – Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының белді актері Ержан Нұрымбет. Көзіқарақты оқырман, өнерге құштар көрермен бұл актерді «Сардар» (2003, Ақберді), «Келін» (2008, бақташы), «Жеңіс семсері» (2012, Арыстан батыр) сияқты фильмдердегі басты рөлдері арқылы жақсы біледі.
Біз таяуда қазіргі қазақ театры және кино өнерінің талантты өкілі Ержан Нұрымбетпен арнайы жолығып, оның шығармашылық зертханасы, кино мен театр сахнасындағы актерлік орны туралы пікір алмасқан едік.
– Кинодағы алғашқы рөліңіз – Болат Қалымбетовтің «Сардар» фильміндегі Ақбердіні ойнауға ұсыныс алғаныңызда қобалжу немесе қуаныш болды ма? Жалпы, киноға түсуді армандап па едіңіз?
– Бұл фильмге дейін, мүмкін, армандасам армандаған да шығармын, кей-кейде жүректің түкпірінде «ондай болу қайда» деген де болармын, бірақ әйтеуір бір киноға түсуге әуесім кетіп, қатты ойланған емеспін. Алғаш «Сардар» фильміне басты рөлдердің біріне бекітіліп, әріптестерім қуанып құттықтап жатқанда да, аса қуана алмадым. Өйткені, Болат ағаның сенімін ақтай аламын ба, жалпы, кинода ойнау қолымнан келе ме, деген қорқыныш болды. Оның үстіне, киносынақ кезінде Болат ағамның «театрдағыдай ойнауды доғар» деген сөзі есімнен кетпей қалды. Бірақ уақыт өте келіп, түсірілім алаңына бірте-бірте үйреніп алдым.
– Кәсіби театр актерісіз. Кинода да біраз рөлдерді сомдадыңыз. Екі өнердің шын табиғаты бір-бірінен алшақ. Олай болса, актердің де сахнадағы, кинокамера алдындағы ойынында айырмашылықтар немесе ұқсастықтар болуы керек. Сіздіңше, ол қандай айырмашылықтар немесе ұқсастықтар?
– Театр мен киноны бөліп-жарғым келмейді. Түбі бір, тек екі өнердің әрқайсының өзіне ғана тән ерекшеліктерін сезе білсең болды. Жалпы, кинода да, театрда да интоннация, қимыл іс-әрекет жағынан эксперимент жасағанды ұнатамын. Кинодан алған тәжірибемді сахнада қолданамын. Сырт көзге еш ұқсастығы жоқ болып көрінгенімен, меніңше, кино мен театр актерінің ойынында ұқсастықтар көп. Мысалы, сахнадағы пауза мен үнсіздікті кейде кинодағы ірі план деп ойлаймын.
Театр мен кино өнерінің әрқайсысының өз қиындығы бар ғой. Театрда кейіпкерді, оқиғаны басынан бастап ойнасақ, кинода олай емес. Кейде фильмнің басындағы көріністерде ойнайтын тұстарың түсірілімнің ортасына қарай, ал ортасындағыны басында немесе соңында ойнауың мүмкін. Бұл оңай емес. Рас, театрда да кинодағы сияқты ойнауға болады. Бірақ театр от сияқты… залда отырған көрерменнің әрбір демі сезіліп тұрады. Біз сахнада ойнап жүргенде, оқиғаны бағалап, көріп, қабылдап, соған сай іс-әрекетті, эмоцияны бақылап отыратын залдағы көрерменді ұмытпаймыз. Ал кинода ішіңдегі «менмен» бетпе-бет қалатын сияқтысың.
Театр – тірі эмоцияның ордасы. Киноның құдіреттілігі сол – онда эмоция қайталанбайды. Фильм экранға шығып кеткен соң, өзіңе ғана мәлім кейбір «әттеген-ай» дейтін тұстарын түзетуге, ой елегінен өткізіп, қайта ойнауға мүмкіндігің болмайды. Кино алаңы актерге ерекше қанат бітіретіні де рас. Кейде бір ғана кадрмен түсірілетін көзқарасыңа немесе іс-әрекетіңе бүкіл өмірді сыйғызуға болатын сияқты. Киноның құдіреті осы шығар деп ойлаймын.
– «Келін», «Сардар», «Жеңіс семсері» – әртүрлі жанрда түсірілген фильмдер. Соған орай кейіпкерлеріңіздің болмысы да әрқалай. Сізге осы образдардың ішінде қайсысы қызықтырақ болды?
–Кинодағы рөлдерімді де бөліп-жарғым келмейді. Әр кейіпкердің мінез-құлқы әр қилы болғанымен, солардың әрбірінен өз шындығымды іздеуге тырыстым. Сол кейіпкерлер арқылы өзімді түсінуге талпындым. Әрине, рөл оймен, ойланумен келеді. Ол – бір қиын әрі күрделі процесс. Оймен ұйықтайсың, оймен оянасың. Тіпті, театрда күн сайын ойнап жүрген рөлдің өзіне қатты қобалжисың. Ойыңда сан мың мәрте ойнап шығасың.
– «Келін» – кейіпкерлерінің сөзінсіз түсірілген фильм. Мұндайда актердің ішкі-сыртқы пластикасы, көзқарасы, қимыл-әрекеті бірінші қатарға шығады. Онда бір ғана көзқараспен немесе қимылмен кейіпкердің мінезі, ішкі ойлары мен сезімдері берілуі тиіс. Мұны «ойнау» мүмкін емес. Және дәл осы қалыпты бере алатын актерлер қазақ киносында да, әлем киносында аз. Мысалы, «Қараш-Қараштағы» Сүйменқұл Чокморов (Бақтығұл), «Оның уақыты келедідегі» Нұрмұқан Жантөрин (Шоқан Уәлиханов), «Тұлпардың ізіндегі» Кәукен Кенжетаев (Танабай қарт). Жалпы, «үнсіз кейіпкерді» ойнау күрделі ме?
– «Келін» фильмі расында да актерлік ойынға құрылған. Біз өмірде ойымызды сөздің астарына жиі жасырамыз ғой. Фильмде сөзсіз, диалогсыз ойнауға да тура келді. «Көз – адам жанының айнасы», деп жатады. Бұл, әсіресе, экранда айдан анық көрініп тұрады. Осы ретте актердің көзқарасы, іс-әрекеті, мимикасы ішкі жан дүниесімен қабысып жатуы өте маңызды. Режиссердің бізден талап еткені де осы болды. Бір жағынан сөзсіз ойнау маған анағұрлым қызықтырақ әрі түсініктірек пе деп ойлаймын. Фильм философиясының өзі осы үнсіздікте жатқан сияқты. Жалпы, өмірде бәрімізге осы аздаған үнсіздік жетпейтіндей…
Сөзбен ішкі ойды жасыруға болады, бірақ сөзсіз ішкі ойды жасыру мүмкін емес. Адамның көзі бәрін айтып тұрады. Сондықтан, бұл фильмде кейіпкеріме барынша сендім. Тіпті, кейде сол жерде баяғыдан өмір сүріп келе жатқан адам сияқты сезіндім. Осы рөлім менің актерлік жолымдағы жаңа бір қырымнан өз-өзімді тануға мүмкіндік берді. Бірақ, бір қызығы, өзім түскен фильмдерді онша қарай алмаймын.
Меніңше, Ермек Тұрсынов – айтар ойы, өзінің қолтаңбасы бар режиссер. Әрбір кадрға философиялық ой салуға тырысады. Актермен жұмыс істеу тәсілі де ерекше. Жақында шығармашылықтағы әріптесім әрі досым Қуандық Қыстықбаев екеуіміз ол кісінің тағы бір фильміне түсіп, басты рөлдерде ойнадық. Фильм әзірге «Жат» деп аталады. Алғаш сценарийді оқып шыққаннан кейін сескендім, қорықтым. «Ереке, осы рөлге мені алып, қателесіп тұрған жоқсыз ба?» дедім әзіл-шыны аралас. Ол кісі «жоқ» деп бірден кесіп айтты.
– Өзіңіз түскен фильмдерді экраннан көре алмауыңыздың қандай себебі бар?
– Мен өзіме сын көзбен қарайтын адаммын. Өз-өзіме көңілім тола бермейді. Ойнаған спектакльдерімде кейде рөлімнің бір жері көңілімнен шықпай қалып жатады. Сол спектакльді келесі ойнағанша мазам кетеді. Кинода да солай. Адамның өзі ғана білетін әдеті немесе қылығы болады емес пе? Оны көрермен біле бермейді. Жаңағы өзім ғана білетін тұстарды экраннан көрген кезде, өз-өзімнен қысыла бастаймын, «бір көзбен» сынап қараймын.
– Ал енді керісінше, «Сардар» мен «Жеңіс семсерінде» кейіпкерлеріңіздің сөзі анағұрлым көбірек. Театр актері ретінде бұл сізге еш қиындық туғызбайды. Дегенмен, сахнадағы сөйлеу мен кинодағы сөйлеудің әрқайсысының өз талаптары бар. Жоғарыдағы фильмдердің режиссерлері осы тұрғыдан қандай да бір талаптар қойды ма?
– «Жеңіс семсері» фэнтези жанрындағы фильм ғой. Негізгі көрермені балалар болғандықтан, ондағы оқиғалар, актер ойыны сол балалардың ойына, сеніміне қарай икемделді. Бұл фильмде елі үшін, жері үшін жанын пида ететін батырды ғана емес, оны қарапайым адам ретінде де көргіміз келді. Фильмге түсер алдында маған салмақ қосу керек деген талап қойылды. Бірақ, неге екені белгісіз, қанша тырыссам да, артық салмақ қоса алмаймын. Жаратылысымның өзі сондай ғой деймін. Осыдан он бес жыл бұрын қалай болсам, әлі де сол қалпым. Негізі, уайымшыл адаммын, кез келген нәрсені жүрекке жақын қабылдаймын. Мүмкін, осы да себеп болатын шығар.
Фильмнің түсірілімі кезіндегі басты қиыншылық – Жаркенттің 40 градустық ыстығында темір сауытпен аттың үстінен күніне 9 сағат түспей жүру ауыр болды. Содан соң фильмде Арыстан батырдың қалаға келетін тұсы бар. Оның даладан бірден қалаға келгендегі жағдайын ойнау маған аздап қиыншылық туғызды. Кейіпкерімнің ішкі дүниесіндегі кейбір иірімдерді аяқ астынан ойлап табу да оңайлыққа түспеді.
Фильмнің режиссерлері Әсия Сүлеева мен Әнуар Райбаев – өз ісін жақсы білетін кәсіби шеберлер. Олар біздің балаларымыз үшін үлкен жұмыс жасады деп ойлаймын. Өкініштісі сол – фильм операторы Болат Сүлеев ойламаған жерден бақилық болды… Менің бір байқағаным – ол кісінің камераға түсіріп жатып, актермен қатар өзі де іштей бірге ойнайды екен. Бұл Болат ағаның оператор ретіндегі ішкі сезімталдығын, пластикасын көрсетеді. Кино операторы үшін ол өте қажет қасиет қой.
– Осы фильмде кейіпкеріңіздің езу тартқызатын жерлері өте көп. Бұл сіздің бір қалыптан екінші қалыпқа (ішкі) аражігін сездіртпей, көше алатыныңызды және комедиялық рөлдерді де алып шығатыныңызды сездіртеді. Егер комедиялық фильмдерге шақырып жатса, келісім берер ме едіңіз?
– Әрине. Мен комедиялық рөлдерді театрда ойнап жүрмін. Білмеймін, кинода да бұл жанрмен жұмыс істеуге болатын шығар. Ұсынып жатса, ойланып көруге болады. Бірақ театрда болсын, кинода болсын, бір амплуада қалғым келмейді.
– Бүгінгі қазақ киносында «әттегенайлар» бар ма?
– Бұл сұраққа жауап беру қиын. Меніңше, кино түсіру үшін бізде бәрі бар. Тақырып та, тарих та жетеді. Кейде ойлаймын: біз қаны да, жаны да, тіпті жеген асына дейін таза халықпыз. Осындай таза халық басқа жерде бар болса бар шығар, менің білетінім біреу ғана, ол – қазақ. Біз Голливудтың жасағанын жасай алмаймыз, оны қайталаудың да керегі жоқ. Тек өзіміздің құндылықтарымызды сақтасақ екен деймін.
Қазіргі біздің фильмдерден қаржы тапшылығы көрініп тұратын сияқты. Содан соң, кейбір режиссерлеріміз кәсіби актерлерді емес, қарапайым адамдарды іздейді. Мүмкін, бұл дұрыс та шығар, оған қарсылығым жоқ. Әр адам кинода бір рет болса да, ойнай алады деген пікір бар. Бірақ бәрібір сол ойнаған рөлде актерлік техниканың керек болатынын ұмытпағанымыз абзал.
Әңгімелескен
Назира МҰҚЫШЕВА,
кинотанушы,
өнертану кандидаты.
АСТАНА.