• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Маусым, 2015

Ғасырлық меже

359 рет
көрсетілді

Бүтін ел болып мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін үлкен іске қызу кірісетін сәт туды. Ол – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік дағдарысқа қарсы біртұтас болып күресуде баламасы жоқ, кеуделі, дәлелі тұжырымды, ұстанымы кесімді 5 халықтық бағыттан тұратын Ұлт жоспары. Бұл – тәуелсіздіктің аз ғана жылында көптеген мемлекеттер жете алмаған биік белестерді еңсерген Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына қосылу үшін жасаған ғасырлық межесі. Ұлттық жоспар – ұлт пен ұлыс­тарды ұйыстыратын, бірік­кен саусақ пен иліккен иненің көзінен өтетін өткір де ұтқыр идеяға құрылған ортақ іс екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ. Ондағы көрсетілген 100 қадам – Көк туымыздағы тармақталған сәуле секілді әр тарапқа нұрын төккен Мәңгілік Елдің аспандаған адымы. Нұрсұлтан Назарбаевтың нұрлы жолы, мәңгілік тақырыпқа құрылған нақты идеясы. Ұлт жоспарына қатысты Мемлекет басшысы: «Бұл 100 қадам жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап болмақ, сонымен бір мезгілде жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің құрамына ену жоспарына айналады. Ал реформаларды жүзеге асыру – алдағы 10 немесе 15 жылға негізделген жалпыұлттық нөмірі бірінші мақсат-міндет болып табылады», – деді. Елбасы ұсынған 5 институттық реформа жалпыжұрттық деңгейде бірден қолдау тауып, халықтық реформа деген лайықты атқа ие болды. Бұл жаңа ұлттық жоспардың көкжиегі кең, маңызы мен нәтижесі орасан зор екенін айғақтайды. Қазақ елі күн санап көркейіп, дамып келе жатқаны ақиқат. Елбасының реформалық бағдары және оның орындалу жолындағы тиянақты 100 қадамы еліміздің өсіп-өркендеуіндегі тездеткіш катализатор іспетті. Осы жүйелі жос­парда мемлекет тарапынан халықтың рухани-мәдени дамуына да баса назар аударылған. «Қазақстан-2050» Стратегиясымен қоса, аталмыш реформалар арқылы біртіндеп Қазақ елінің ұлттық идеологиясының құрағы құрақталып, ою-өрнегі нақышталып, қанық бояуы сіңе түспек. Жер картасындағы өзінше дара мемлекет, Азияның қақ ортасын жайлаған, батысында Еуропамен шектес­кен, Қазақстанның ұстанымы мен дамуы да өзгелерден ерек. Біздің күш – халықта, оның – бірлігінде! Әлемнің ірі алпауыт ел­дері осындай ұзақ мерзімді стратегиялық даму жүйелері арқылы үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Бұл – эконо­микалық өсудегі бірден-бір қағи­дат. «Мәңгілік Ел» Тұң­ғыш Президенттің жыл сайын Қазақ­стан халқына жаса­ған Жолдаулары – жарқын болашаққа, дамыған елдердің қатарына енуге, қарқынды дамып, әлемнің озық технологияларын игеріп, жаһандану мұхитында бәсекеге қабі­летті болып, салт-дәстүр мен ұлттық құнды­лықтарымызды сақтап, елдігімізді таныту жолындағы бағдаршам екені анық. «Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды. «2050» Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкін­дік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсарта­тынымызды білдіреді», деді бұл туралы Елбасы. Бес халықтық реформада көр­се­­тіл­­ген­­дей, «Кәсі­­би мем­лекет­­тік аппа­­рат құру» – бар­шаға бірдей осы заман­ғы мем­лекет­­тің ең қым­бат қазы­­насы – адам болып сана­латын ел үшін алдымен халық­­тың жағд­айына, халықтың әл-ауқаты­­ның тұрақ­­тылығына қызмет ететін мемлекет­шіл ортаны қалыптастыруды білді­реді. Отаншыл психологиясы мығым нағыз патриоттарды сомдап шығарудағы алғышарт болмақ. Ал «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» арқылы азамат­тардың құқықтары мен бостан­дықтарын қорғау, сот жүйесінің тәуелсіздігі көптеген даулы мәсе­лелерді шешпекші. Осы тұрғыда құқық қорғау мен сақтандыру жұмыстары күшейеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Индустрияландыру және эконо­микалық өсім» қазіргі тұрақ­тылықты сақтай отырып, жаңа белестерді бағындыру, әуе, теңіз, темір­жол және автокөлік қатынастарын жақ­сарту, еура­зиялық трансқұрлықтық дәліз құру, ауыл шаруашылығын дамыту, энергия көздерін оңтай­ландыру, құрылыс саласын индустрияландыру іспетті бағыттар да нығайтылмақ. «Біртектілік пен бірлік» реформасы – «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі мен «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асырады. Именбей айтуға мүмкіндігіміз бар, болашағы біртұтас ұлт құру – біздің ең басты қаруымыз. Елбасы саясатының арқасында біз бірлігімізбен мақтана аламыз. Көпұлтты елімізде татулық, рухани келісім, бір-бірімен үндескен мүдде жасампаз болашаққа кедер­гісіз жетелеп келеді. Халықаралық қауымдастыққа үлгі болып отырған ел ішіндегі татулық, достық қарым-қатынас, діни түсіністік үлкен мәнге ие. «Бірлік – біздің барша табыстарымыздың кілті» деп Елбасы айтқандай, айрандай ұйып отырған елдің келешегі кемел болмақ. «Тілегі бірдің – жүрегі бір», мақсаты мен ісі бір жерден шыққан дүйім жұрт тосыннан келген қиындықты жеңіп, кез келген белесті бағындырары сөзсіз. «Есеп беретін мемлекет қалып­­тасты­руда» Елбасының көздеп отырған нысанасы – халық мүддесі. Елмен санасу, кез келген мемлекеттік шаруаны, мәселені шешуде қараша халықпен ақылдасу, халыққа есеп беру, боямасыз нақты атқарылған жұмыстар, болашаққа бағдар келешекте бүге-шүгесіне дейін елдің назарында болмақ. Бұл таңдалып отырған бағыт ішкі саясат құрудағы тың тәсіл, на­ғыз демократияға қарай қарым­ды қадам болмақ. Президент Н.Назарбаев 5 инсти­туттық реформа негізінде жүзеге асырылатын мемлекетті әрі қарайғы дамытудың 100 нақты қадамынан құралған Ұлт жоспары Қазақстанның жаһандық және ішкі шақыртуларына, сондай-ақ, жаңа тарихи шарттар бойынша дүние жүзінің озық елдерінің қатарына қосылу жоспарына жауап беретіндігін баса айтқанын атап өткеніміз жөн. Осы жолда жоғары оқу орындарына арналған нақты 7 қадам бар. Бұл Елбасының білім-ғылым, тәрбие саласына бей-жай қарамайтынын айғақтайды. Мәселен, 78-қадамда көрсетіл­гендей, «Назарбаев Университет тәжірибесін ескере отырып, ЖОО-лардың акаде­миялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейту. Коммерциялық емес ұйымдардағы жекеменшік ЖОО-ларын халықаралық тәжірибеге сәйкес трансформациялау» мәселелері ұрпақ мүддесі үшін аса құнды. Сондай-ақ, 79-қадам нақтылағандай, «Білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу. Басты мақсаты – даярланатын кадрлардың бәскелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру. Осы бағытта Қыздар университеті барынша қызмет атқаратын болады. Дегенмен, қалған қадамдар бізге қатысты емес деп айта алмаймыз. Себе­бі, олардың ішінде тікелей әрі жана­ма түрде университеттерге міндет­телген жүк­те­мелер өте көп. Бұл ЖОО-лардың бәсекеге қабілетті күшті мемлекет­тердің қатарына кіруде басты рөлде ойнайтындығын білдіреді. Сондықтан, халықтық реформаның адам капиталына, білім беру мәселесіне, ұлт әлеуетін арттыруға тигізетін әсері өлшеусіз деуге толық негіз бар. Кез келген мемлекет үшін білімді жастар – ұлт болашағы. Өскелең ұрпақ – өмір жалғасы ретінде кемел келешектің тізгінін ұстар азаматтар емес пе?! Осы орайда, болашағы біртұтас ұлт құруда шаңырақ шырақшыларын тәрбиелейтін Қыздар универ­ситетінің атқаратын рөлі орасан зор деп есептеймін. Қасиетті қара­шаңырақ ұлттық салт-дәстүр, руха­ни құнды­­лықтармен құнарланған педаго­гикалық бағыт арқылы ұлт тәрбие­леушілерін даярлауда бірегей білім ордасына айналды. Арулар әлемінің ақ жайлауы саналатын 70 жылдық тарихы бар білім ошағында түрлі ұлт өкілдері тәлім алуда. Қазақтың ғана емес, қырғыз, өзбек ағайындардан бастап, ұйғыр, тәжік, күрд, орыс, украин, кәріс секілді 480-нен аса өзге ұлт өкілі білім алып жатқан тілегі бір қыздарға Қыздар университетінің үлкен тірекке айналғанын мақта­нышпен айта аламыз. Ұлт жоспарының 87-қада­мын­да «Азамат­тық біртектілікті нығайтудағы «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеу туралы айтылып, әрбір азаматқа және шетелдік туриске ел туралы білуге көмек­тесу» жөнінде айтылған. Осы орайда, біз шетелдік қонақтармен байланыс жасау­да еліміздің әрбір азаматы Қазақстан туралы өте жағымды әрі нанымды көзқарас қалыптастыру бағытында жұмыс істеуіміз керек деп есептеймін. Елбасы атап өткен бүгінде іске асырылып келе жатқан үш тұғырлы тіл бағдарламасы еліміздің поли­­мәдениет пен көптілділік кеңіс­тігінде ұтқырлы­ғы­мызды, зияткерлігімізді, бірлігімізді ұштай түсетін құралға айналмақ. Осы тұрғыда университеттер жастар алдында үлкен мүмкіндіктерді ашуы қажет. Ағылшын тілінде дәрістер оқылып, шәкірттеріміздің мектепке дейінгі және орта мектепте ағылшын тілін үйретуге деген құлшынысын арттыруды мақсат тұту керек. Белсенді студенттер үшін міндетті үш тілмен қоса, бүтін шығыс әлемі­нің филологиясы мен негізгі Еуропа лингвистикасын үйрену де басты мақсат болмақ. Білім ұлттың бәсекеге қабі­лет­тілігін арттырудың басты құра­лы болып табы­латындық­тан, университеттердің оқу-әдіс­­- темелік жұмысы кешенді түрде дамытылады. Білім беру жүйесінде білім берудің ұлттық үлгісіне өту арқылы білім деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізетін, әлемдік педагогиканың озық үлгі­лерін жаңашылдықпен дамытатын кәсіби құзыретті ұстаз дайындау жолға қойылады. Қазіргі заманғы ғылыми-тех­ни­калық үдерістің қарқыны білім беру жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Біліміне, біліктілігіне, парасатына пайы­мы сай ұстаз бүгінгі таңда жас ұрпаққа білім беру жүйесінде болып жатқан оң өзгерістерге байыппен қарап, оның заман талабына сай мән-маңызын түсінуі хақ. Сондықтан, жүктеліп отырған аса жауапты міндет, білім саласындағы реформалар, педагогикалық әдіс-тәсілдердің тың, мәнді әрі сапалы болуын талап етіп отырған осы бір айтулы кезеңде, педагогтың жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибесін жаңа ақпараттық техноло­гияға ұштастыруын қажетті санайды. Білім беруді жаңарту оқушы­лардың білімін ғана емес, олар­ды қолдану дағды­ларын, атап айтқанда, функциялық сауаттылығын немесе құзырет­тілігін қалыптастырады. Бүгінгі таңда білім беру ісі қоғамды жоғары сапалы мамандармен қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Бұл мақсатқа жету үшін нарықтық экономика заманында жоғары мектеп білім беру үрдісін жан-жақты жетілдіруі, тәрбиелік жұмысты дамытуы, студенттерге өз бетімен білімін толық­­тыруға, ғылым мен мәдениет жетіс­тіктеріне бағыттауы қажет. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену жолынан таймайтын нақты да нық қадамдар жоспарланып, барлығы орындалып келеді. Осы жоспарды орындауда елін сүйген кез келген азамат, әр қазақстандық өзін қамшылап, алға ұмтылса, діттеген межеге дер кезінде жетіп, жаңа белестерді бағындыруға, жоспар құруға дайын болатынымыз сөзсіз. Ұлт мұраты дегенде ел болып, жұрт болып атсалысу – заман талабы. Қазақстанның кемел келешегін орнатуда орасан зор еңбектері тарих беттерінде алтын қаріптермен басылатын Елбасы – тәуелсіздіктің тірегі, ұлт болашағының қамқоршысы. Соңынан ерген халық үшін өмір сүру – біздің Елбасының бас­ты қағидасы. Дәл осы қағида егемен елді жеңіске жетелеу үстінде. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының нәтижесінде біз дағдарыстан дамуға, яғни қиын-қыстау уақытқа қарамастан көркейіп гүлденуге белді бекем будық. Біздің нысана – тек даму мен ұту тетігінде тұр. Біздің бірлігіміз баянды болса, біз үшін аса алмайтын асу жоқ. Ендеше, осы Ұлттық жоспарымыз  ортақ іске айналсын. Динар НӨКЕТАЕВА, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры. Алматы.