• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2015

Ардагерлер қуанышы

269 рет
көрсетілді

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар өскемендік ардагерлер баспаналы болды. Ұлы Отан соғысында етігімен қан кешіп, қар жастанған Иван Попов, Иван Федоров, Макар Харин, Михаил Терунов есімді қарт майдангерлерге пәтер кілтін Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов тапсырды. Аталған пәтерлер шаһардың өркендеп келе жатқан көркем ауданы саналатын Ертіс өзенінің сол жағалауында орналасқан.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­­баев Отан үшін от кешкен ардагерлерді ешқашан ұмыт қал­дырған емес. Мемлекет бас­шысының тікелей тапсырмасымен елімізде ардагерлерге зор қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінгі ұрпақтың сіздерге деген алғысы шексіз. Әрдайым аман-есен мерей­тойдан мерейтойға жете беріңіздер, – деді қала әкімі.

Шаһар басшысының айтуынша, қазіргі кезде облыс орталығында баспана кезегінде тұрған соғыс ардагерлері жоқ. Соңғы жылдары барлық ардагерлер баспанамен қамтамасыз етілді.

95 жасқа келген Михаил Те­рунов Шығыс Қазақстан облы­сының Самар ауылында дүниеге келген екен. Ол 1939 жылы әскер қатарына шақырылады. Мәскеуде, одан кейін Ленинград облысының Выборг қаласында әскери борышын өтеп жүргенінде соғыс бас­талып, майданға кірген жас жау­ынгер Германияға дейін жетіп, жеңісті Эльба қаласында қарсы алады. Әскери қызметтен 1947 жылы босайды. Ұзақ жылдар Самар ауылында тұрған майдангер осыдан үш жыл бұрын Өскемен қаласына көшіп келіпті. Қарт майдангер сұрапыл жылдарда бастан өткерген қиындықты еске ала отырып, ардагерлерге зор қолдау көрсетіп отырған Мемлекет басшысына айрықша алғысын жеткізді.

 Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».

ӨСКЕМЕН.